Вице-министр мақта алқабын қысқарту жайлы: шаруалар өнімін әлі сата алмай жүр

© Sputnik / Владислав ВодневАбулхаир Тамабек
Абулхаир Тамабек - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2023
Жазылу
2023 жылы мақта дақылы 14,8 мың гектарға аз егіледі
АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек биыл мақта алқабы неге қысқартылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биыл ылғалды көп қажет ететін мақта алқабының өткен жылмен салыстырғанда 14,8 мың гектарға азаюы болжанып отыр. Ол 111,4 мың гектарды құрайды.
Вице-министр мақта дақылының неге аз егілетінін түсіндірді.
"Былтыр 330 мың тоннадан астам мақта өнімі жиналды. Бірақ Ливерпуль мақта биржасында баға болмауына байланысты мақта дауы көтерілді. Шаруалар былтырғы өнімін әлі күнге дейін өткізе алмай жүр. Мақта зауыттары диқандарға 560 млн теңгедей қарыз. Қазір зауыттар мақташылар алдындағы берешегін өтеп жатыр. 10 наурызға дейін толық жабамыз деп уәде берген. Сол себепті былтыр баға болмағандықтан, диқаншылар өздері бас тартты. Бұл жерде ешқандай да күштеу жоқ", - деді Әбілхайыр Тамабек орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол қазір Түркістан облысында мақта алқаптарының белгілі бір бөлігін жүгері алқабына ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Ол жерге әлеуетті инвесторлар тартылды. Қазіргі таңда крахмал-сірне зауытын орналастыру жоспарлануда. 25-30 мың гектар алқапты жүгері алқаптарына ауыстырсақ деген ниет бар", - деп мәлімдеді вице-министр.
Тамабектің айтуынша, ауыспалы егістік сақталған кезде ғана жер көп өнім береді. Жыл сайын бір дақылды бір жерге еге берсе, жылдан жылға оның өнімділігі азая береді, дейді ол.
Жаңалықтар
0