Қоғам

Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55 пайыздан асты

© PhotoАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
Ол қазіргі кезеңде әйелдер қауымы қоғамдық өмірдің ең белсенді бөлігіне айналғанын атап өтті.
"Қазақстанда 4,3 млн әйел жұмыспен қамтылған. Бұл – еңбек майданында жүрген жалпы халықтың 48%-і. Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына тұруға бойжеткен қыздарымыз белсенділік танытады. Былтыр 30 мыңға жуық жас бойжеткен жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастады", - деп жазды үкімет басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айтуынша, мемлекет бизнеспен айналысуға ниетті әйелдерді қолдап келеді. Оларды оқытып, әрі қарай жұмысқа тұруына немесе бизнес әлеміндегі бағын сынауына мүмкіндік береді. Гранттар мен жеңілдікті қарыз бөліп, субсидияланған және кепілдендірілген несие ұсынады.
​ЭЫДҰ деректеріне сай, Қазақстанда кәсіпкер әйелдердің үлесі 45%-ті құрап отыр. Бұл АҚШ және Түркия елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
"Біздің елімізде әйелдер ер-азаматтармен қатар иық тірестіре жүріп, мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысып отыр. Егер 2010 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 52,7% болса, өткен жылы 55,4%-ға жетті. Үкімет, сондай-ақ, меншігінде мемлекеттің қатысу үлесі бар компаниялар басшылығында әйелдердің үлесін 30%-ға дейін кезең-кезеңмен арттыру шараларын қабылдауда", - деп мәлімдеді Смайылов.
Бұған қоса, әйелдердің денсаулығына да зор көңіл бөлініп келеді. Тек 2022 жылдың өзінде ана өлім-жітімінің 2,6 есеге азайғаны – осынау дәйекті жұмыстардың нәтижесі, дейді премьер.
Әйелдерді әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалмайды. Ана мен баланы қорғау, көпбалалы аналарға, бала асырап алған отбасыларға көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, үлкендерге қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала бермек.
Қазақстан гендерлік теңдік орнаған қоғам қалыптастыруда айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2022 жылы Қазақстан осы саладағы табысты реформалардың арқасында "Гендерлік алшақтық индексі" (Global Gender Gap Index) рейтингі бойынша 15 позицияға жоғарылап, 146 елдің арасында 65-ші орын иеленген.
"Мемлекет алдағы уақытта да қазақстандық әйелдердің әл-ауқатын жақсарту үшін бар күшін салады. Көрікті көктемнің осынау шуақты күнінде экономиканың сан түрлі саласында еңбек етіп, елдігімізді нығайтуға, кемел ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарымызды баянды етуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Сіздерге шынайы құрметімді білдіремін", - деп жазды Смайылов.
Жаңалықтар
0