Білім

"Қазақстан халқына" қоры аудандар мен моноқалаларда робототехника кабинетін ашады

© Photo : "Қазақстан халқына" қоры"Қазақстан халқына" қоры аудандар мен моноқалаларда робототехника кабинетін ашады
Қазақстан халқына қоры аудандар мен моноқалаларда робототехника кабинетін ашады - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Қазақстандық оқушылар сұранысқа ие инженерлік құзыреттерді меңгереді. Жаңа оқу жылына қарай 161 аудандық мектепте және моноқалалардағы 28 мектепте робототехника кабинеттері ашылады, деп хабарлайды "Қазақстан халқына" қоры.
Қордың "Болашақ инженерлер" бағдарламасы бойынша 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады. Жаңа инженерлік дағдылар оқушыларға түрлі мамандықты игеруге және болашақта сұранысқа ие маман болуға жәрдемдеседі.
"Еліміз бойынша барлығы 189 робототехника кабинеті ашылады. Алғашқы робототехника кабинетінің таныстырылымы Ақмола облысы Қоянды ауылының №2 мектебінде өтті. Мектеп бағдарламалық қамтамасыз етуді, конструкторларды, электрониканы қамтитын робототехниканы зерттеуге арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешенмен толықты. Кабинетті жаңартуға 3,6 млн теңге бөлінді", - делінген хабарламада.
Қайырымдылық бағдарламасы "Арман Инжиниринг" компаниясымен, Инженерлік білім беруді дамыту қорымен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
"Арман Инжиниринг" компаниясы Алтынсарин академиясымен робототехника бойынша оқу-әдістемелік кешендер әзірлеп, бекітті. Кабинеттерге сатып алынған отандық жабдықтарға академия және республикалық оқу-әдістемелік орталығы тарапынан оң қорытынды берілді. Инженерлік білім беруді дамыту қоры республикалық оқу-әдістемелік орталық базасында ұстаздар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастырды.
"Робототехниканы оқыған бала электротехник, интернет-платформаларды әзірлеуші, ұшу аппараттарын құрастырушы бола алады, яғни инженерлік білімнің арқасында ол көптеген мамандықты игереді. Қарапайым инженерден бастап автоматтандырылған кәсіпорынның басқарушысына дейінгі қызмет иесі атануға мүмкіндігі бар", – деді "R:ED – Robotics Education" робототехниканың халықаралық бағытының басқарушы директоры Максим Сушков.
"Болашақ инженерлер" қайырымдылық бағдарламасының алғашқы нәтижесін бір жылдан кейін бағалауға болады. Болашақ инженерлер дағдылары мен білімдерін таныту үшін робототехника бойынша республикалық олимпиада ұйымдастыру жоспарланып отыр. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары халықаралық байқауға қатыса алады.
Қор "Болашақ инженерлер" бағдарламасы бойынша робототехника кабинеттері Қазақстанның барлық облысында әрбір ауданда және моноқалада құрылатынын атап өтті.
Жобаның мақсаты – ауылдар мен моноқалаларда балаларға робототехниканы зерделеу үшін ресурстық орталық құру, инженерлік құзыреттер саласында қолжетімді сапалы білім беру ортасын қамтамасыз ету.
Бағдарламаны іске асыруға "Қазақстан халқына" қоры жалпы сомасы 673,2 млн теңге, "Арман Инжиниринг" компаниясы және Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464,5 млн теңге бөлді.
Жаңалықтар
0