Ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше – Тоқаев

© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаПрезидент Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараға қатысты
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараға қатысты - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 7 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, салтанатты жиында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорда.
Президент ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін атап өтіп, сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.
"Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз "Жер-ана", "Отан-ана" ұғымдарымен тығыз байланысты. "Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді" дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан "Толық адамға" тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. "Әділетті Қазақстанды" құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек", – деді президент.
© Photo : Официальный сайт президента КазахстанаПрезидент Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараға қатысты
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараға қатысты - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.03.2023
Президент Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шараға қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев "Жастарға салынған қаражат – ең ұтымды инвестиция" екенін атап өтіп, қоғамдағы әйелдердің рөліне ерекше тоқталды.
"Қазір қыздарымыз әлемнің ең үздік университеттерінде білім алып жатыр. Жаһандық компанияларда жұмыс істейді. Сан түрлі кәсіпті меңгерген әйелдер қоғамның түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Олардың арасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметші, тәрбиеші, тігінші және басқа да мамандық иелері бар. Халықаралық жарыстарда көк туымызды биікке көтерген спортшы аруларымыз да аз емес. Қаншама қыз-келіншектер бизнеспен айналысып, мыңдаған адамға жұмыс ұсынып отыр. Мен баршаңызды мақтан етемін! Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әйелдер әділ, дана әрі тапқыр басшы бола алатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазір шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 42 пайызға жетті.
"Бұл – әйелдер кәсіпкерлігіне мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесі. Былтыр өз кәсібін ашқысы келетін 6 мыңнан астам көпбалалы анаға арнайы грант берілді. Ауылдағы қыз-келіншектер бизнеспен белсенді айналысатын болды. Мыңдаған әйел бизнес жобасын жүзеге асыруға мемлекеттен субсидия алатын болады. Бұл мақсатқа жалпы сомасы 250 миллиард теңге жұмсалды", – деді президент.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасымен Отбасы және гендерлік саясат туралы Жаңа тұжырымдама қабылданғанын, аталған құжат әйелдердің өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағытталғанын атап өтіп, әрбір әйел отбасында бақытты, қызметте табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты екенін айтты.
Жаңалықтар
0