Банкроттыққа өтінім қабылданып жатыр – маңызды 10 сұрақтың жауабы

© Pixabay / csamhaberБос қалта
Бос қалта - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 6 наурыз – Sputnik. Қазақстанда кредиттік қарызын жаба алмай жүрген борышкерлер банкроттыққа өтінім бере алады. Бірақ берешектен құтылу үшін бірнеше талапқа сай болу қажет. Бұдан бөлек, шектеулер бар. Sputnik Қазақстан жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

Банкроттыққа өтінімді қалай беруге болады?

3 наурыздан бастап E-gov порталы мен E-salyq Azamat қосымшасы арқылы банкроттыққа өтінім беруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталығының көмегін алуға болады.
Сотсыз банкроттыққа кімдер жүгіне алады?
Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда бір миллионнан астам адамның қарызы бар. Олардың басым бөлігі сотсыз банкроттыққа өтінім бере алады. Себебі олардың қарызы 5,5 миллион теңгеден аспайды. Сосын өтелмей жатқан берешектің мерзімі кем дегенде 12 ай болуы шарт.

Өтініммен бірге қандай құжаттар жіберіледі?

Мәселен, өтінім E-gov порталы арқылы жіберілсе, электронды цифрлық қолтаңба болуы керек. Ал SMS-паролдің көмегіне жүгінсеңіз, телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі шарт. Сонда өтінімді растауға мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, бірнеше құжат ұсыну керек. Олар:
id.mkb.kz сайтынан ағымдағы міндеттемелердің сомасын қамтитын дербес есеп;
жеке немесе ортақ меншікте мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
екінші деңгейлі банк немесе микроқаржы ұйымымен қарызды реттеу бойынша әрекет жасалғанын растайтын құжат (электронды өтініштің жіберілгенін, я болмаса, қаржы ұйымының қарызды реттеуден бас тартқанын дәлелдеу).
Ал коллекторлық агенттіктерге өткен қарыз бойынша құжат ұсынудың қажеті жоқ. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық процедураны қолдану туралы өтінішті толтыру кезінде 1414 қызметінен SMS – хабарлама арқылы дербес деректерді жинауға және өңдеуге жұбайының келісімін алу керек. Онсыз өтінім қабылданбайды.

Банкроттыққа өтінім берген адамның атында көлік болса, оны алып қоя ма?

Сотсыз банкроттыққа мүлкі жоқ адамдар ғана жүгіне алады. Ал көлік сияқты мүлік болса, сот арқылы банкроттыққа өтінім беріледі. Ондайда борышкердің мүлкі сатылады да, қарызды өтеуге жіберіледі. Жалғыз үйді алып қоюға болмайды. Бірақ жылжымайтын мүлік кепілзат ретінде салынса, кредитор оны алып қоюға құқылы. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүргізеді. Олар:
заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
кәсіби бухгалтерлер;
заң кеңесшілері;
аудиторлар.
Олардың қызметі ақылы, борышкердің мүлкі есебінен төленеді және айына бір ең төменгі жалақы – 70 мың теңгені құрайды. Мүлкі жоқ әлеуметтік осал топқа жататын адамдар үшін қаржы басқарушыларының қызметін мемлекет төлейді.

Сот банкроттығы кезінде мүлкінің есебінен өтелмей қалған қарызды қайтару керек пе?

Борышкердің қарызы кезекпен өтеледі. Қалған сомасы есептен шығарылады. Бірақ бірқатар төлем есептен шығарылмайды. Олар:
алимент;
адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян бойынша қарыз;
қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу;
сот шешімі бойынша бюджетке төленетін төлем.

Кімдерге қарыз мерзімі туралы талап қойылмайды?

Сотсыз банкроттықтың негізгі талабы сол, қарыздың төленбегеніне бір жыл өтуі керек. Бірақ соңғы өзгерістерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар 12 айды күтпей, сотсыз банкроттыққа өтінім жібере алады.

Банкрот болған адамға қандай шектеулер қойылады?

Банкрот болған адам бес жыл бойы басқа кредит ала алмайды. Бұдан бөлек, үш жыл бойы оның қаржылық жағдайын бақылап отырады. Ал сот арқылы банкроттық жариялау рәсімі кезінде алты айға шетелге шығуға тыйым салынады.

Банк банкрот болған адамды сотқа бере ала ма?

Жоқ, ресми түрде банкрот деп жарияланған адамнан қарызды сот арқылы талап етуге болмайды. Берешекті өндіріп алу туралы бұрынғы сот шешімдері де тоқтатылады.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру дегеніміз не?

Заң бойынша соттан тыс банкроттық пен сот арқылы банкроттық сияқты рәсімдерден бөлек борышкерге төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі. Ондайда ешқандай шектеулер қолданылмайды. Өтінімді сот арқылы беру керек. Бір ерекшелігі, борышкер банкрот мәртебесін алмайды. 5 жылға дейін өз қарызын бөліп төлеуге құқығы болады. Ол үшін сот шешім қабылдайды, сосын қарызды қайтару жоспары бекітіледі. Сол бойынша бес жылдың ішінде қарызды жабу керек.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның шекті мерзімі бар ма?

Жоқ, заңның шекті мерзімі жоқ. Бұдан былай, заң талаптарына сай келетін Қазақстан азаматы банкроттыққа кез келген уақытта өтінім бере алады. Бірақ негізгі талаптары мен шектеулерін ұмытпау қажет.
Жаңалықтар
0