Қоғам

Банкроттыққа өтініш беру: мерзімі өткен берешекті қалай реттеу керек

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2023
Жазылу
Қазақстанда 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш беру басталды. Берешегі 5,5 млн теңгеден аспайтын азаматтар сотқа жүгінбей-ақ банкрот бола алады. Бірақ міндетті шарт – борышкер проблемалық қарызын реттеу процедурасынан өтуі керек
Кредиттер уақытылы төленбей, берешек пайда болса, не істеу қажет? Банктермен мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімі қалай жүргізіледі? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Банк борышкерге хабар беруге міндетті

Қазақстанда 2021 жылдан бері кредитін төлей алмай жүргендер үшін проблемалық берешекті реттеу тәртібі жұмыс істейді.
Оған сәйкес, кредитор (банк немесе микроқаржы ұйымы) кредитті төлеу мерзімі кешіктірілген сәттен бастап 20 күн ішінде борышкерге хабар беруге міндетті.
Банктер хабарлама арқылы кредит бойынша төлем жасау қажет екенін ескертеді. Қарыз мөлшерін және өтемеген жағдайда борышкер үшін салдары қандай болатынын көрсетіп, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттігін сұрайды. Сонымен қатар қарызды қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгінуге болатынын хабарлайды.
Ал берешегі бар азамат 30 күн ішінде қарызды қайта құрылымдау үшін банкке өтініш беруге тиіс. Өтініште несиені неге ай сайын төлемей жүргенін, табысының азайғанын және қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін растайтын құжаттарды көрсетуі керек. Сондай-ақ борышты қайта құрылымдау бойынша өз нұсқаларын ұсынады.
Банк немесе микроқаржы ұйымы борышкердің өтінішін қабылдауға, тіркеуге және оны қарауға міндетті. Кредитор өтінішті күнтізбелік 15 күн ішінде қарайды, содан кейін оған жауап береді. Банк борышкердің қаржылық жағдайын түсініп, оң жауап берсе, қарыз алу туралы шартқа өзгеріс енгізіледі. Ал егер кредитор келіспесе, клиентке неліктен бас тартқанын түсіндіруі керек.
Айта кетері, борышкер кірісінің азайғанын немесе мүлдем жоқ екенін, сол себепті берешегін өтей алмайтынын нақты құжаттармен растауы керек. Егер кредиторға жазған өтінішіне растайтын құжаттарды қоса ұсынбаса, банк оның өтінішін қарамауға құқылы.

Қарызды қайта құрылымдау (реструктуризация)

Қайта құрылымдау дегеніміз – кредитті төлеу шарттарын өзгерту арқылы борышкерге жеңілдік жасау. Бұл процедура қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға ұсынылады.
Қарызды қайта құрылымдау кезінде банктер мынаны ұсынады:
кредиттің сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
шетел валютасында берілген қарыз болса, негізгі борыштың валютасын теңгеге айырбастау;
негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
берешекті өтеу әдісін немесе берешекті өтеу кезектілігін өзгерту, оның ішінде негізгі борышты өтеуге басымдық беру;
қарыз мерзімін өзгерту;
айыппұлды, өсімпұлды, банк қарызына қызмет көрсетуге байланысты өзге де төлемдерді алып тастай отырып, мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру;
ипотекадағы жылжымайтын мүлікті кепіл берушінің өз бетінше сатуы;
қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудың орнына банкке кепіл мүлкін бере отырып, бас тарту төлемін ұсыну;
ипотекадағы жылжымайтын мүлікті, қарыз шарты бойынша міндеттемелерді сатып алушыға бере отырып, сату.
Банк шарт талаптарын өзгертуге келіссе, өзгерістер шешім қабылданған сәттен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде енгізіледі.

Борышкер банктің ұсынысына келіспесе не істейді

Кредитордың қарызды қайта құрылымдау бойынша ұсынған талаптары борышкердің ойынан шықпауы мүмкін. Бұл жағдайда ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.
Борышкер агенттікке бұған дейін банкке өтініш жасағанын, алайда өзара тиімді шешімге қол жеткізілмегенін растайтын құжатты міндетті түрде ұсынуы қажет, деп түсіндірді Fingramota.kz.
Агенттік борышкердің өтініші негізінде банкке құжаттамалық тексеріс жүргізеді. Бұл кезеңде кредиттік ұйымға халықтың әлеуметтік осал тобына жататын борышкерлердің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алуға тыйым салынады.
Сондай-ақ борышкерлер ипотекалық қарыз шартынан туындаған дауларды реттеу үшін банк омбудсманына шағымдағана алады.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.02.2023
Қоғам
Наурызда банкроттыққа өтініш қабылдау басталады: азаматтар нені білуге тиіс
Жаңалықтар
0