Астанада Халықаралық әйелдер күні қалай аталып өтеді

© Sputnik / Абзал КалиевТеатр "Астана Опера"
Театр Астана Опера - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 5 наурыз — Sputnik. Халықаралық әйелдер күніне орай елордада ондаған түрлі мерекелік іс-шара өтеді. Сондай-ақ осы күндері қалада түрлі қайырымдылық акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
"3-10 наурыз аралығында Сәкен Сейфуллин мұражайында "Сәкен сүйген арулар" көрмесі өтіп жатыр. 5 наурызда "Ақжол" аула клубында Балалар шығармашылығы көрмесі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. 6 наурыз күні Байқоңыр ауданының белсенді әйелдерінің қатысуымен "Әлем әйелдермен әсем" мерекелік іс-шарасы өтеді", - делінген хабарламада.
6 наурызда қала мектептерінде шеберлік сыныптары, әдеби кездесулер, көрмелер өткізіледі. Ал Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында сағат 19:00-де Woman’s day әйелдер форумы өтеді. М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында көпбалалы аналар үшін "Көктем сыйы" атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.
"Үміт" дағдарыс орталығында "Көңілді Старт" спорттық іс-шарасы өтеді.
7 наурызда "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығында қаланың түрлі салаларында жұмыс істейтін әйелдерді "Шуақты көктем" атты марапаттау рәсімі өтеді. Мұнда көпбалалы аналар салтанатты түрде "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталады.
7 наурыз кешкі сағат 19:00-де "Наз" мемлекеттік би театрында "Жан ана" атты концерт ұйымдастырылады.
Осы күні Байқоңыр ауданының әкімдігінде мұғалімдерді, кітапханашыларды, құқық қорғау органдары мен медициналық қызмет өкілдерін мерекемен құттықтау іс-шарасы өтеді. Кешкі сағат 19:00-де "Жастар" театры Н.Жақыпбайдың "Жанарымдағы жалғыз әуен" атты театрландырылған концерттік бағдарламасын дайындайды.
6, 7, 8 наурыз күндері қала көшелерінде нәзік жандыларға арнап қызғалдақ тарату акциясы өтеді.
"Қамқорлық мекенжайы" акциясы аясында көпбалалы аналарға, жалғызбасты қарттарға азық-түлік себеттері таратылады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлерін құттықтайтын болады.
7 наурызда "АЛЖИР" мемориалдық-мұражай кешенінде "Ана – өмірдің гүлі" көрмесі ұйымдастырылады. Бірден екі премьераны осы күні Музыкалық жас көрермен театры ұсынады: сағат 16:00-де – "Гауһартас", сағат 19:00-де – "Махаббат бар ма?".
Nomad City Hall сахнасында 9 және 10 наурыз күндері мереке құрметіне "Кішкентай ханзада" спектаклінің премьерасы өтеді.
11 наурыз күні сағат 12:00-де Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда "Super Әже" байқауы өтеді.
Жаңалықтар
0