"170 мың кредит төлеймін": Жалдамалы жұмысшылар бір күнде қанша табатынын айтты

© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар
Алматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 3 наурыз – Sputnik. Алматыда таңның атысы, кештің батысы қара жолға телміріп, жұмыс күтетін пенделер бар. Олар да атақты Сейфуллин көшесінде тұрады. Бұл көшенің жалдамалы адамдардың жұмыс орны болғанына да 30 жылға таяп қалды. Sputnik Қазақстан тілшісі осы жерде жан бағып жүрген жалдамалы жұмысшылармен сұхбаттасып қайтты.
Берік Жарқұловтың бұл көшеде тұрып, жалдамалы жұмысшы болғанына 35 жыл болыпты. Кейде қолды бір сілтеп кетіп қалады, бірақ артынан қайта оралады.
"Үйреніп қалдым. Басқа жұмысты да көрдім, бірақ айналып келіп осы жұмысты істеймін. 35 жылда қаншама оқиғалар болды, әрине. Бірақ бұл жерде тұрып, жалданып жұмыс істегеннен көрген жамандығым жоқ. Күніне ең аз дегенде 5000 табамын, асығым алшысынан түскен күні 15-20 мыңнан аламын", - дейді Берік Жарқұлов.
Күндік азығын осы жолдан тапқандардың бірі – Мұрат Оңғарбаев. Оның айтуынша, адал еңбекті қанайтындар да аз емес.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар
Алматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.03.2023
Алматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар
"Апарып жұмысын істеткен соң, ақшасын төлемей алдап кететіндер де бар. Не істейміз, ренжіп қайтамыз. Кейде төбелесіп қаламыз, бірақ бәрі жұмыс берушіге байланысты. Кейбірінің адамгершілігі бар. Ондай адамдардың жұмысын өз жұмысыңдай атқарасың", - дейді ол.
Мұрат Оңғарбаевтың айтуынша, байдың да байы бар. Мұнда тиыннан байығандар өте қиын болады.
"Біз байларды кісі менсінбейді, кедейлерді түсінбейді деп сөгеміз, негізі дұрыс емес. Керісінше нағыз бай адам біз сияқты адамдардың еңбегін жемейді, разы етіп жібереді. Кейбір адамдар бар, тиындап дүние жинаған. Кедейден байығандар. Солардан қорқу керек. Өйткені ақшаға олар өте қытымыр. Ондай адамдар бірден білініп тұрады", - дейді Мұрат Оңғарбаев.
Ал Ермек Бәкіровтың айтуынша, еңбекақысы қомақты, тұрақты жұмыс табу қиын.
"Мен жалдамалы пәтерде 110 мың теңге төлеймін, несием 170 мың теңге. Қазір 400-500 мың теңге еңбекақы төлейтін жұмыс жоқ. Ал бұл жерде кейде 600 мыңға дейін табамын. Қыс кезінде жұмыс аз болды, көбі бізді қар тазалатуға ғана жалдады. Көктемнен бастап жұмыс қызады. Тіпті мына жерде адам қалмай қалады, бәрін алып кетеді", - дейді Ермек Бәкіров.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар
Алматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар  - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.03.2023
Алматының Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар
Sputnik Қазақстан тілшісі сұхбаттасқан адамдардың 70 пайызында диплом бар. Бірақ олар дипломмен емес, қара жұмыспен жан бағып жүр.
"Негізі абайлау керек, өйткені жұмыс беремін деп апарып, құлдықта ұстауы да мүмкін. Мейлінше екі адамнан баруға тырысамыз. Кейбір адамдар намысымызға тиіп, бізге биіктен қарайды. Қара жұмысын істеп жатсақ та аузымызға бір су тамызбайтын адамдар болады. Әрине, бізге олар тамақ беруге, су беруге міндетті емес. Бірақ кейде шөлдеп кетіп, бір кесе су сұрасақ, сатып алыңдар деп айтатындар да көп", - дейді жалдамалы жұмысшылар.
Айта кетері, Ұлттық статистика бюросының былтырғы жылғы ақпараты бойынша Қазақстанда 453 мың адам жұмыссыздар санатында болған. Ал мүлдем жұмыс іздемеген және жұмыс істеуге құлқы жоқтар саны 63 мыңнан асады екен. Ал Сейфуллин көшесіндегі жалдамалы жұмысшылар туралы статистика жоқ.
Статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы бір ғана өнеркәсіп саласының өзіне 18 мыңға жуық маман жетіспейді. "Неліктен осындай тұрақты жұмысқа бармайсыздар?" деген сұрағымызға жалдамалы жұмысшылар "күнімізді көре алмаймыз" деп жауап берді.
Жаңалықтар
0