Ақтөбеде ішімдікке салынған отбасының үйінен бір жасар баланың мәйіті табылды

CC0 / M Ameen / Младенец
Младенец - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 2 наурыз – Sputnik. Ақтөбе қаласының еріктілері ішімдік ішетін отбасынан 4 жасар баланы арашалап қалды, деп хабарлайды "Диапазон" басылымы.
Еріктілер үйге кіргенде мас ересектердің арасынан ашқұрсақ 4 жасар бала мен табыттағы бүлдіршінді көрген. "Zello Poisk" еріктілер тобы маскүнем отбасындағы балалардың жағдайын айтып, былтыр қазан айында дабыл қаққан.
"Үйдің жағдайы өте нашар, ата-анасы маскүнем. Ішетін тамағы жоқ, балалар аш. Біз полиция, жедел жәрдем және қамқоршылық органдарын шақырдық. Сөйтсек органның адамдары бірінші рет емес, бұл отбасыға талай рет келген екен. 8 айлық және 4 жасар балаларды көршісі тамақтандыратын көрінеді. Балалар ап-арық, көздерінің асты көгеріп кеткен. Анасы бізге кенжесі тамақ жемейтінін, бірақ оны сумен және қантпен тамақтандырғанын айтты. Балаға тамақты өзіміз бергенде қомағайланып жеді", - деді ерікті Кэтрин Голотина.
Қазан айында балаларды "Үміт" балалар үйіне алып кеткен, алайда қамқоршылық кеңес шешім шығарып, балалар көп ұзамай маскүнем отбасына қайта оралған.
"Біз осы отбасындағы кіші баланың қайтыс болғанын білдік. Мекен-жайын тауып, отбасына бардық. Үйде қан-жоса болған екі ер адам отыр. Шамасы төбелескен болуы керек. Шешесінің алақаны кесілген. Ол бізге кіші баласының пневмониядан қайтыс болғанын айтты. Бүлдіршіннің табыты үйде тұр. Біз барлық құзыретті органдарды шақырдық. Әке-шешесінің баланы жерлеуге де мұршалары болмаған. 4 жастағы баласын алып кетейік деп жатқанымызда, ол қайтыс болған інісін оятып, өзімен бірге алып кетуді өтінді", - дейді еріктілер.
Бүлдіршінді жерлеуге әке-шешесі келмеген. Өмірге келмей жатып сөнген сәбидің денесін жанашыр жандар жер қойнына тапсырған.
Ерікті Кэтрин Голотина балаларды қорғайтын заңға өзгеріс енгізу керек дейді. Оның айтуынша, жауапты органдар қазан айында шара қолданып, балаларды отбасына қайтармағанда бүлдіршін аман қалар еді.
Балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық, қамқоршылық және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Нұрғалиеваның айтуынша, 14 қазанда қамқоршылық органдарының мамандары полициямен бірлесіп, "Үміт" балалар үйіне анасы қараусыз қалдырған екі кәмелетке толмаған баланы орналастырды.
Ал балалардың әкесі қорғаншылық және қамқоршылық органдарына балаларды қайтару туралы өтініш берген. 20 қазандағы қамқоршылар кеңесінің шешімімен балалар маскүнем отбасына қайтарылған.
"25 ақпанда болған оқиғадан кейін 3 полиция бөлімі 2018 жылы туған баланы "Аяла" балаларды қолдау орталығына орналастырды. Кәмелетке толмаған баланың әкесін ата-ана құқығынан айыру туралы мәселені Ақтөбе қаласы әкімінің жанындағы кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия қарайтын болады", - деді Мира Нұрғалиева
Жаңалықтар
0