Жеке тұлғалардың банкроттығы: вице-министр кімдерге жеңілдік жасалатынын айтты

© Pixabay / csamhaberБос қалта
Бос қалта - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалардың банкроттығына өтінім қабылдау кезінде кімдерге жеңілдік жасалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдағы жұма, 3 наурызда банкроттыққа өтінім қабылдау басталады. Содан бастап кредиттік берешегі бар адамдар өздерін банкрот жариялай алады. Бірақ бұл кредитті кешіру шарасы емес.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, банкроттыққа өтінім беретін борышкердің мүлкі болмауға тиіс. Сондай-ақ қарыз бір жылдан артық өтелмеген болуы керек.
"12 ай бойы қарызын өтей алмаған жағдайда банкроттыққа өтінім беруге болады. Бірақ заңды талқылау кезінде бір өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар 12 айды күтпей, өтінім бере алады", - деді Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Ресми мәліметке сәйкес, борышкерлердің 90 проценті сотсыз банкрот бола алады. Себебі олардың әрбіреуінің қарызы 5,5 миллион теңгеден аспайды. Өтінімді онлайн режимде e-Salyq Azamat қосымшасы мен e-Gov порталы арқылы беруге мүмкіндік бар. Халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне де жүгінуге болады.
Ал қарызы 5,5 миллион теңгеден асатын борышкерлер сот арқылы банкроттық жариялауға өтінім береді. Заң бойынша банкрот деп жарияланған адам борышкердің міндеттемелерін орындаудан босатылады. Айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеу тоқтатылады. 5 жылға кредит алуға тыйым салынады.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ол кезде қарызды қайтару жоспары жасалады. Соны қатаң сақтау қажет.
"Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша өтінімдер сот арқылы қабылданады. Бір ерекшелігі, борышкер банкрот мәртебесін алмайды. 5 жылға дейін өз қарызын бөліп төлеуге құқығы болады. Ол үшін сот шешім қабылдайды, қарызды қайтару жоспары бекітіледі. Сол бойынша бес жылдың ішінде қарызды жабу керек ", - деп атап өтті вице-министр.
Жаңалықтар
0