Қоғам

Қазақстандықтар қаңтар айында 2 300 алтын құйма сатып алды

© Photo : АО "НГК "Тау-Кен Самрук"Алтын құймалары
Алтын құймалары - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. Биыл қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 79,5 келі 2 364 алтын құйма сатылды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құйма сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Сол уақыттан бері қазақстандықтарға жалпы салмағы 3,9 тонна 115 209 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында көбіне 10 грамдық алтын құйма сұранысқа ие.
"Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 29 723 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 25 538 дана (22%), 100 грамдық құйма – 23 460 дана (20%), 20 грамдық құйма – 23 131 дана (20%), және 50 граммдық құйма – 13 357 дана (12%). Алтын құймалар Алматы, Астана және Атырау қалаларында көп сатылады", - деді Ұлттық банктегілер.
Бағдарлама басталғаннан бері банктер мен жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 484,6 келі 19 228 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған құймалардың 17%-і. Кері сатып алынған құймалардың барлығы Ұлттық банктің аумақтық филиалдары арқылы халыққа сатылады.
Ұлттық банк алтын құйма – сенімді инвестиция құралы екенін атап өтті. Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қораппен шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сапа сертификаты болып та саналады. Сондықтан Ұлттық банк алтын құйманы ұқыппен сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес берді.
Алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит банкі, сондай-ақ банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.
Жаңалықтар
0