Қоғам

Қазақстанда фрилансер болудың артықшылығы мен кемшілігі қандай

© Photo : CC0 / picjumbo_comАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде кеңсе қызметкерлерінің көбі онлайн жұмысқа көшті. Жұмыс берушілер цифрландыру туралы мықтап ойлана бастады. Фрилансерлердің, яғни еркін қызметкерлердің көбі сол тұста пайда бола бастағаны жасырын емес. Бүгінде фриланс нарығы тек әлемде ғана емес, Қазақстанда да өсіп келеді.

Фрилансерлер қанша табады

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ стратегия департаменті директорының орынбасары Ұлпан Шегенованың айтуынша, 2021 жылы Қазақстанды 1 миллионға жуық адам фрилансер болып істеген. Олардың көбі білім беру, сауда, мемлекеттік басқару және әлеуметтік секторларда қызмет көрсетеді.
"Алматы, Астана мен Шымкент қалаларында барлық фрилансердің 41 пайызы еңбек етті. Бір ғана Алматының өзінде 22 процент болды. Ал фрилансерлердің орташа жасына тоқталсақ, көбі 30-дан 49 жасқа дейінгілер", - дейді Шегенова Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Бұл ретте фрилансерлердің 48%-і бір ғана жұмыс берушіде, 18%-і – екі, ал 10%-і үш жұмыс берушінің қарамағында қызмет еткен. Ал 200 мыңнан астам адам үшін фриланс ақша табудың негізгі жолы болса, 800 мыңнан аса қазақстандық фрилансер ретінде де, жалдамалы жұмысшы ретінде де жұмыс істеген.
Сондай-ақ Шегенова еркін қызметкерлердің 2021 жылғы орташа табысын да атады.
"Қазақстанда фрилансерлердің орташа айлық саны 250 мың шамасында болды. Ал олардың орташа жалақысы 124 мың теңгені құраған. Медиандық табыс 65 мың теңге болды. Яғни фрилансерлердің жартысы 65 мың теңгеден көп, жартысы бұдан аз тапқан", - дейді департамент директорының орынбасары.

Артықшылығы мен кемшілігі

Фрилансер – еркін, тәуелсіз қызметкер. Жалдамалы жұмысшы сияқты таңнан кеш батқанға дейін жұмыс орнына байланып отырмайды. Қандай да бір компанияға қызмет көрсету үшін білімі мен еңбек дағдысы болса жеткілікті. Жұмыс кестесі де икемді, жобалар мен міндеттерді таңдау еркіндігі бар.
Сонымен қатар, фрилансерлерде негізгі қызметті қатар алып жүру мүмкіндігі бар.

"Фрилансерлерге ешкім қысым жасамайды, өз бетінше жұмыс істейді. Яғни бақылау жоқ деуге де болады. Мұндай адамдарға карьера мен жеке өмір арасында баланс сақтау оңырайық. Жаһандық еңбек нарығына қосылу мүмкіндігі көп. Мәселен, ағылшын тілін жетік меңгергендер халықаралық компанияларда онлайн жұмыс істей алады. Сонымен қатар, фриланстың ең үлкен артықшылығы – жастарға, декретте отырған әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға, зейнет жасына тақағандарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Біздің зерттеуіміз бойынша, зейнет жасына жақындаған адамдар фрилансер ретінде айтарлықтай көп ақша табады", - дейді спикер.

Десе де "таяқтың екі ұшы болатыны" сияқты, еркін қызметкер болудың да өз кемшін тұстары бар.
"Бұл, ең алдымен, тұрақсыз жұмыс орны, тұрақсыз табыс. Тапсырыс берушінің қызмет ақысын төлемеуі, нақты реттелмеген жұмыс кестесі. Еңбек уақыты дұрыс ұйымдастырылмаса, адам көп уақытын жұмысқа арнап, денсаулығына зиян тигізіп алуы мүмкін. Оның үстіне мансап бойынша өсу мүмкіндігі жоқ", - деп түсіндірді Шегенова.
Сондай-ақ, оның айтуынша, платформаларда өзара есеп айырысулардың көбі "қолдан қолға" жүзеге асырылады. Соның салдарынан фрилансерлер жұмыссыздық, уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақылардан қағылады, ақылы еңбек демалысына шыға алмайды.
"Әлеуметтік кепілдіктердің болмауына байланысты жұмысшылар әлеуметтік тәуекелдерге көп ұшырайды", - дейді ол.

Фриланс нарығын не күтіп тұр

Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде фриланс нарығының дамуы көптеген компания үшін тиімді екені байқалады. Мәселен, компания штаттағы қызметкер орындай алмайтын немесе қысқа мерзімді тапсырмаларды фрилансерлерге береді. Осылайша персонал, кеңсе мен компьютерді жалға алу сияқты үшін шығындарын азайтады. Алайда болашақта фрилансер жалдамалы жұмысшының орнын басады деп алаңдауға еш негіз жоқ, дейді Шегенова.
"Мәселен, кейбір бастықтарға қол астындағы қызметкерлерінің кеңседе отырғаны маңызды емес. Олар үшін бастысы – берілген тапсырманың немесе жобаның уақытында орындалғаны. Міне, осындай компаниялар фрилансерлерге басымдық беруі мүмкін. Бірақ, мысалы денсаулық сақтауды алайық. Бұл салада фрилансерлер жұмыс істеп жүргенін көзге елестету өте қиын. Сол себепті бұл жерге жалдамалы жұмысшылар керек. Сондықтан бұл әр компанияның өз қызмет ерекшелігіне байланысты", - деді ол.
Шегенова келешекті фриланс жұмыспен қамтудың кең таралған формасына айналатынын айтты.
"Біз фриланс нарығы болашақта өсе береді деп болжап отырмыз. Ол жұмыспен қамтудың кең таралған формасы болады. Біз де өз тарапымыздан фрилансерлерді қолдаймыз. Осы нарыққа тартылған азаматтарға ыңғайлы "ойын ережелерін" айқындап бергіміз келеді. Бұл, ең алдымен, фрилансерлердің әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін сақтау үшін қажет", - деді департамент директорының орынбасары.
Яндекс такси автокөлігі - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.02.2023
Арнайы салық режимі: такси қызметі қымбаттай ма
Жаңалықтар
0