"Қыздың даусы естілді": құтқарушылар Түркияда қалай адам іздегенін айтты

© Photo : Нұрғали Жүсіпұлының жеке архивінен алындыТүркиядағы қазақстандық құтқарушылар
Түркиядағы қазақстандық құтқарушылар - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Түркияда жойқын жер сілкінісінен кейін жүздеген адам тірі табылды. Жергілікті мамандар және әлемнің түкпір-түкпірінен барған құтқарушылар күн демей, түн демей, үйінділерді қопарып, біраз адамның өмірін сақтап қалды.
Себебі зілзаладан кейінгі алғашқы күндердің әрбір сәті маңызды екенін жақсы білді. Қазақстандық құтқарушылар да кәсіби дайындығын көрсете білді. Олар тірі қалған жеті адамды шығарды.
Бұдан бөлек, қаза тапқан жүздеген адамды алып шығуға көмектесті. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген құтқарушылар Түркияға қалай барғанын және ондай сәттерді не себепті есте сақтамауға тырысатынын айтып берді.

"Үйдегілер шок болды"

Астаналық құтқарушы Әлібек Нұғыманов басқа облыстағы әріптестері сияқты халықаралық құтқару операциясына бірінші рет барып келді. Оны жұмыста отырған жерінен алып кеткен.
"Мен сол күні "сменада" болғанмын. Бір кезде "Түркияға кім барады?" деген хабар келді. Мені тізімге қосыңыз дедім. Сосын төлқұжаттың бар жоғын сұрады. Көбісінің төлқұжат мерзімі өтіп кеткен екен. Артынан жиырма адамды толтырды да, мені бірден жұмыстан алып кетті. Таңертең әуежайда болдық", - дейді Нұғыманов.
© Photo : Әлібек Нұғымановтың жеке архивінен алынды"Мені тізімге қосыңыз дедім"
Құтқарушы Әлібек Нұғыманов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2023
"Мені тізімге қосыңыз дедім"
Ал қарағандылық құтқарушы Нұрғали Жүсіпұлы Түркияға ұшып кететінін білмеді. Әуежайда құрал-жабдықтарды түсіріп, үйге кетемін деп ойлаған.
"Әуежайдан әйеліме телефон шалып, Түркияға кетіп бара жатқанымды айттым. Үйдегілер шок болды. Сөйтіп, ұшып кеттім", - деп еске алады Жүсіпұлы.
Әлібек пен Нұрғали Түркияда бір топқа түсіп, Нұрдагы қаласында іздестіру жұмыстарына атсалысты. Үйінділердің астынан үш адамды аман-есен алып шықты.

Үш адамды құтқаруға 24 сағат кетті

Қазақстандық құтқарушылар Түркияға барған бойда бірден іздестіру жұмыстарына кіріскен. Тәулік бойы тоқтамай жұмыс істеген кездері де болды. Өйткені үйінділердің астында тірі адамдар жатқан.
"Алдымен астына түсіп дауыс шығарасың. Сосын бес минуттық үнсіздік жарияланады. Сол кезде бәрі құлақ салып тыңдайды. Ең бірінші қыздың даусы естілді. Содан экскаватор бізге жертөледен кіретін тесік жасап берді. Оған кіріп, тағы айқайладық. Әйелдің даусы шықты. Басында түсініксіз болды. Дегенмен, тіліміз ұқсас болғасын түсіне бастайсың", - дейді Нұғыманов.
© Photo : Құтқарушы Нұрғали Жүсіпұлының жеке архивінен алынды"Біз әйел мен қызды құтқарамыз деп, басқа жақты қопарып көрдік. Сол кезде ер адам табылды"
Құтқарушы Нұрғали Жүсіпұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.02.2023
"Біз әйел мен қызды құтқарамыз деп, басқа жақты қопарып көрдік. Сол кезде ер адам табылды"
Оның айтуынша, үш тірі адам толығымен қираған сегіз қабатты үйдің астынан табылды. Ондайда адамның даусы естілсе де, қай жерде жатқанын бірден анықтау қиын. Түрік құтқарушылары да келіп, акустикалық аппаратпен адамның бар-жоғын тексеріп кетті. Ол аппарат дем алып жатқан адамды анықтай алады.
"Біз әйел мен қызды құтқарамыз деп, басқа жақты қопарып көрдік. Сол кезде ер адам табылды. Аяқ-қолын плиталар басып қалған. Аузы кеуіп қалды. Ондайда суды бірден көп беруге болмайды ғой. "Баклажканың" қақпағымен тамшылап бересің. Оны алып шықтық та, жедел жәрдемге тапсырдық. Сосын бірден әйел мен қызды құтқаруға кірістік. Соның бәріне 24 сағаттай кетті", - дейді Әлібек Нұғыманов.
Қарағандылық Нұрғали Жүсіпұлының сөзіне қарағанда, аман қалған әйел мен қыз үшінші қабатта тұрған. Үй құлағаннан кейін оларды жертөледен алып шықты. Ал ер адам есіктің табалдырығында қысылып қалған.
"Шамасы, ол кісі дәлізге жүгіріп шыққан, сосын төмен түсуге үлгермейтінін біліп, темір есіктің табалдырығына тұра қалды. Үй құлағанда сол темір-терсектің арасында қысылып қалды. Біз бәрін кесіп, оны алып шықтық. Ал екі әйел - анасы мен қызы үшінші қабатта тұрған. Оларды жертөледен таптық. Негізі жер сілкінісі бәрі ұйықтап жатқанда болған ғой. Көбісі төсекте жатқан жерінде мерт болды, оянған да жоқ. Оларды сол диванда жатқан күйінде алып шықтық", - деп еске алады қарағандылық құтқарушы.
Кей кезде бір адам ғана сиятын тесік болады. Құтқарушылар оған да кіріп, адам алып шыққан.
"Ол жақта жұмыс істеп жатқанда жер сілкінісі әлі де болды. Амал жоқ, бисмиллә айтасың да, сол тесікпен ары қарай жүресің. Негізі іздестіру кезінде экскаватордың көмегі көп тиеді. Себебі үйінділерді қолмен қопаруға біраз уақыт кетеді. Ал экскаватор плиталарды қопарады, сосын керек кезде ұстап тұрады", - деп атап көрсетті Нұғыманов.

"Ешқандай естелік қалмады"

Қазақстандық құтқарушыларды жергілікті полиция мен әскер күзетіп тұрды. Сосын бағалы заттарды да жинап жүрді.

"Біз үйінділердің астынан шыққан барлық бағалы зат – алтын мен ақшаны полицияға тапсырып отырдық. Олар жанымызда болып, бәрін қарап тұрды. Бағалы бірдеңе көрсе, өздері жинап жүрді, я болмаса, бізге әперіп жіберуді сұрады", - дейді Нұрғали Жүсіпұлы.

Құтқарушылар бас кезінде үздіксіз адам іздесе, артынан ауысып жұмыс істеді. Уақыт өте келе мәйіт иісі де күшейе берді.
"Нұрдагы қаласында көп үй қирады ғой, біраз адам қаза тапты. Сол кезде күн де бұзылды, мәйіт иісі шыға бастады. Оларды жумайды екен. Бәрін арнайы қапшықтарға салып, жалпы жаназасын шығарып көмеді", - деп еске алады Әлібек Нұғыманов.
Осы орайда қазақстандық құтқарушы іздестіру жұмыстары қалай тоқтатылатынын түсіндірді.
"Мысалы, бізге қанша адамның бар екенін тізіммен көрсетіп берді. Өлісі, тірісі бар, 15 адамды алып шықтық. Әрбір учаскеде солай. Одан кейін құрал-жабдықтардың бәрін тазалау керек. Өйткені ішінде қымбат құралдар бар. Оны уақытында тазаламасаң, ертең жарамай қалады. Сосын ұшақты күтесің. Біздікілер бірнеше рейс жасады ғой. Сөйтіп, Түркияда 12 күн болып, соңғы эшелонмен келдік", - дейді Нұғыманов.
Астаналық құтқарушы Түркияда көргенін есте сақтамауға тырысады.
"Қазір бәрі ойдан кетті, ешқандай естелік қалмады. Ондай естеліктер жұмысқа кері әсерін тигізеді. Суретке де "есеп" керек дегесін түстік", - дейді ол.
Жаңалықтар
0