Қазақстанның құтқарушылары Түркиядан ең соңғы болып қайтты – вице-министр

© Photo : МЧС КазахстанаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2023
Жазылу
Күлшімбаевтың айтуынша, Түркияда арнайы іздеу-құтқару жұмыстары аяқталған
АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Түркияға жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерді құтқаруға барған шетелдік құтқарушылардың арасында Қазақстанның құтқарушылары ең соңғы болып елге қайтқан. Бұл туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер Түркияда іздеу-құтқару жұмыстарын аяқтап, елге оралу туралы шешім қалай қабылданғанын сұрады.
Күлшімбаев қазақстандық құтқарушылар Түркияда он күн жұмыс істегенін атап өтті. 17 ақпанда іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылған.
"Газиантепте орналасқан дағдарыс орталығында Түркия ішкі істер министрінің орынбасары, облыс әкімі, біздің Қазақстан елшісі бар, солардың шешімі бойынша қабылданды. Айта кетейін, біз, Қазақстан құтқарушылары Түркиядан ең соңғы болып шықтық. Біздің алдымызда жетінші-сегізінші күндері басқа шет елдердің құтқарушылары кетіп жатты. Бірақ біз ең соңғы іздеу жұмыстарын аяқтап, содан кейін қайттық", - деді вице-министр.
Айтуынша, қазір Түркияның зілзаладан зардап шеккен аймақтарында іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Жергілікті әкімшіліктер ұйымдастырған құрылыс жұмыстары ғана жүріп жатыр.
Сондай-ақ ол қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеген аймақта мародерлер кездеспегенін айтты.
"Біздің істеп жатқан жерде бір ғана оқиға болды. Бір жігіт "мен осы жердің тұрғынымын, үйім бар" деп арамызға қосылған, бірақ Түркияның полиция қызметкерлері әлгі жігітті алып шығып, тексеріп еді, ол іздеуде жүрген азамат екен. Оны тәртіп сақшылары ұстап алып кетті", - деді вице-министр.
Еске салсақ, 6 ақпан күні Түркияда магнитудасы 7,8 жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулерінен елдің 10 провинциясы зардап шекті.
Президенттің тапсырмасымен зілзала салдарын жоюға көмек көрсету үшін Қазақстаннан 100-ге жуық құтқарушы Түркияға аттанды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің 6 бірлік техникасы, министрліктің жедел тобының 3 өкілі, Апаттар медицинасы орталығының 10 дәрігері, Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен 6 кинологиялық есептоптары бар.
7 және 9 ақпан күні ТЖМ жиынтық тобы екі эшалонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Қазақстандық құтқарушылар Түркияда барлығы 7 адамды құтқарып, қаза болған 88 адамның денесін үйінді астынан алып шықты.
Қазақстандық құтқарушылар Түркиядан 18-19 күндері екі рейспен елге оралды.
Жаңалықтар
0