Путин федералдық жиналыста не айтты

© Sputnik / Дмитрий Астахов / Медиабанкке өтуВладимир Путин
Владимир Путин - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Бүгін РФ президенті Владимир Путин федералдық жиналыста ресейліктерге үндеу жолдады.
Путин ең алдымен Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен шешу үшін Ресей қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.
"Біз бұл мәселені бейбіт жолмен шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Сондықтан шыдамдылықпен осы қиын жанжалдан бейбіт жолмен шығу туралы келіссөз жүргіздік. Бірақ біздің ту сыртымыздан мүлде басқа сценарий дайындалып жатты", - деді Путин.
Владимир Путин Мәскеу Батысты ашық диалогқа шақырып, қауіпсіздік жүйесі бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынғанын мәлімдеді.
"Біз ашықтық танытып, Батыспен сындарлы диалогқа шын ниетпен дайын болдық. Біз Еуропаға да, бүкіл әлемге де барлық мемлекет үшін тең бөлінбейтін қауіпсіздік жүйесі қажет екенін талап еттік және көп жыл бойы серіктестерімізге осы идеяны бірге талқылап, оны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеуді ұсындық", - деді ол федералдық жиналыстағы үндеуінде.
Сондай-ақ Путин әскери тілшілерге арнайы әскери іс-қимылдар аймағындағы жұмысы үшін алғыс айтты.
"Мен бүкіл әлемге шындықты жеткізу үшін майдан шебінде тәуекелге барып жүрген журналистерге, ең алдымен әскери тілшілерге алғыс айтамын", - деді Путин.
Ресей президенті федералдық жиналыста әскерилерге көрсетілетін қолдауға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, Путин әскери операцияға қатысушылардың әрқайсысының отбасы қамқорлық пен құрметке бөленуі керек екенін, оларға әр жарты жылда екі апталық еңбек демалысы берілетінін, әрбір ардагерге Арнайы әскери операцияға қатысушыларды қолдау қоры аясында бір-бір әлеуметтік қызметкер бекітілетінін айтты.
Сонымен қатар Владимир Путин Ресей экономикасы мен Батыс санкцияларына да тоқталды. Оның айтуынша, Ресей билігі экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, нарықта тауар тапшылығына жол бермеді және бизнесті барынша қолдады. Ол Ресей экономикасы Батыс күткеннен әлдеқайда қуатты болып шыққанын айтты.
Ресейдің сыртқы саудадағы есеп айырысуында рубльдің үлесі соңғы бір жылда екі есе өсті, деді Владимир Путин.
"Ресей рублінің халықаралық есеп айырысулардағы үлесі 2021 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда екі есеге өсіп, үштен бірін құрады. Ал тату елдердің валюталарымен бірге бұл қазірдің өзінде жартысынан астамды құрап отыр", - деді Путин.
Владимир Путин Ресейдің қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін 5 жылда 1 миллион білікті маман даярлау қажет екенін айтты.
"Алдағы 5 жылда электроника өнеркәсібінде, робототехника индустриясында, машина жасау, металлургия, фармацевтика, ауыл шаруашылығы мен қорғаныс өнеркәсібінде, көлік құрылысында, атом өнеркәсібінде және басқа да салаларда бір миллионға жуық маман даярлау алдағы міндет болып тұр. Бұл Ресейдің қауіпсіздігін, егемендігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің кілті", - деді Путин.
Владимир Путин федералдық жиналыста Ресейдегі білім берудің жаңа жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жайын да айтты. Ол бұл үшін сәйкес заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар әзірлеуді тапсырды.
РФ президенті ана капиталы бағдарламасын Ресейдің жаңа аймақтарында да енгізуді тапсырды. Президент Ресейге қосылғаннан кейін ДХР, ЛХР, Запорожье және Херсон облыстарының тұрғындарының да бұл қолдау шарасына құқығы бар екенін еске салды.
"Мен Донецк және Луганск халық республикаларында, Запорожье және Херсон облыстарында 2007 жылдан бастап, яғни бұл бағдарлама бүкіл Ресейде іске қосылған сәттен бастап балалары дүниеге келген отбасыларға ана капиталын беруді ұсынамын", - деді Путин.
Ресей президенті федералдық жиналыстағы үндеуінде бұдан басқа жалақы көлемін нақты өсіруді, үздік басқарушылық муниципалдық командаларды қолдауды, мектептерді модернизациялауды да тапсырды.
Жаңалықтар
0