Астананы жасанды интеллект басқарады – халықтың өмірі қалай өзгереді

© Sputnik / Ольга Головко / Медиабанкке өтуАстана келбеті
Астана келбеті - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамытуға G42 компаниясын тартуды тапсырды. Жасанды интеллект саласының көшбасшысы елорданы нағыз "Smart city", яғни "Ақылды қала" дәрежесіне көтеруге тиіс. Мемлекет басшысы компания басшылығымен де кездескен. Ал министрлік меморандумға қол қойып үлгерді. Sputnik Қазақстан тілшісі Әбу-Даби қаласында орналасқан Group 42 компаниясы келгеннен кейін Астана қалай өзгеретінін зерделеп көрді.

Құрамына ондаған компания кіреді

G42 Біріккен Араб Әмірліктерінде 2018 жылы құрылды. Бас кеңсесі Әбу-Даби қаласында орналасқан. Компания мамандары денсаулық сақтау, қаржы, мұнай мен газ, авиация және тағы басқа салаларда жасанды интеллекті дамытумен айналысады. Қазіргі кезде G42-нің бизнес портфеліне Bayanat, G42 Healthcare, G42 Smart Nation, G42 Cloud, Injazat, Khazna, Presight және тағы басқа компаниялар кіреді. Барлығы өз саласы бойынша озық технологияларды ұсына алады.
Мәселен, 2020 жылы G42 Oxford Nanopore Technologies компаниясымен бірлесіп, коронавирусты жылдам анықтау технологиясын әзірлеуге кіріскен. Израильдің NanoScent компаниясымен де келісім жасалды. Оған сәйкес, арнайы тест жасалады. Оған үрлегенде коронавирустың бар-жоғын бірнеше секундтың ішінде анықтауға болады. Бұдан бөлек, Group42, OceanX, G-Tech Digital Asia (G-Tech) мен Индонезия үкіметі мұхиттағы зерттеулерді жүргізуге келісті. Соның аясында G42 Cloud сервистері мен қашықтан басқарылатын Bayanat дрондары қолданылады.
Group42 Әбу-Дабиді дамыту қорымен бірге инвестициялық қор да ашқан. Оның көлемі 10 миллиард долларды құрайды. Осы ақшаға баламалы энергия көздері, ақылды навигация, цифрлық инфрақұрылым, жаңа материалдар, виртуалды шындық, денсаулық сақтау мен жаратылыстану саласындағы озық технологияларды дамыту жоспарланып отыр.

БАӘ-нің "ақылды қала" саласындағы тәжірибесі

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері өз аймағында "ақылды қаланы" құру жағынан көш бастап тұр. Осы елдің екі қаласы – Әбу-Даби мен Дубай озық технологияларымен кеңінен танымал.
2018 жылы Әбу-Дабиде "ақылды" қала технологияларын дамыту бағдарламасы қабылданды. Ал осы саладағы үздік жобаның бірі – Masdar City. Оның құрылысы 2006 жылы басталған болатын.
Masdar City – әлемдегі тұңғыш эко-қала. Ауада көміртек мүлдем болмайды. Себебі жарықты толығымен баламалы энергия көздері шығарады. Барлық жерде сенсорлар орнатылған. Соның арқасында су да, электр энергиясы да үнемделеді. Қалада эко-виллалар мен "ақылды" фермалар салынады. Осылайша тұрғындар көкөністі өздері өсіріп, табиғи таза өнімді жей алады. Ғимараттар арасында пилотсыз көліктер жүреді.
2021 жылы Әбу-Дабиде пилотсыз такси қызметі іске қосылды. Оны мобильді қосымша арқылы шақыртуға болады. Бұл жобаны G42-дің құрамына кіретін Bayanat компаниясымен бірлесіп іске асырған.
Ал ДубайдаThe Sustainable city бар. Қала орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан жасыл оазисте 500 вилла салынды. Барлығы баламалы энергия көздерімен қамтылған. Тіпті, энергияны артығымен шығарады. Қалада көлік мүлдем жоқ. Әрбір виллада органикалық ферма бар.
Дубай көлік технологияларын да жан-жақты дамытып келеді. Sky Pods-тың екі моделі – Unibike пен Unicar сынақтан сәтті өтті. Зәулім үйлердің арасымен рельспен жүретін көлік құралы көлік кептелісін барынша азайтып, қала тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлерді жылдам тасымалдай алады.
Бүгінде Дубайда коммуналдық қызметтер автоматты түрде жұмыс істейді. Қала тұрғындары су, электр энергия және тағы басқа мәселелерге басын ауыртпайды. Барлығы дәл есептеліп, ұялы телефонға түседі.

Астананың тәжірибесі көңіл көншітпейді

"Ертеңі ертегідей болады" деген елорданы "ақылды" қалаға айналдыру жобасын 2017 жылға дейін іске асыру жоспарда болған. "Smart Astana" тұғырнамасы аясында біраз шара қолға алынса да, Астана ақылды деңгейге жете алмай келеді. Мәселен, бүгінде қалада жаппай радиомодульдік есептеуіш құралдары орнатылады. Бірақ қала тұрғындары әлі күнге дейін коммуналдық қызметтерге телефон шалып, судың көрсеткіштерін айтып отыруға мәжбүр. Себебі радиомодульдің барлығы бірдей емес, мәліметтер кеш түседі. Соның салдарынан судың төлемдері дұрыс келмейді. Электр энергиясы да солай. Биыл астаналықтар оны артығымен төлеп қойды. Себебі "Астанаэнергосбыт" ЖШС мен "Астана-РЭК" ЖШС ақпараттық базаларында ақаулық болған. Емханаға онлайн жазылу қызметі енгізілсе де, халық салалық дәрігерлерге уақытында бара алмай жатады. Өйткені алдымен терапевтке жазылу керек.
Бүгінде қалада "Сергек" көбейді. Соның арқасында жол ережесін бұзу фактілері азайды, бюджетке біраз ақша түсіп тұр. Бірақ көлік кептелісі азайған жоқ. Полицейлер бағдаршамды қолма-қол реттеп, кептелісті таратып отырады. Осы мәселені шешеді деген LRT-ның құрылысы да созылып кетті. Ал жаңа көлік жүйесінің бағаналары жолдың жартысын алып тұр. Осылайша әу баста "Smart Astana" деп жоспарланған елордада халыққа ыңғайлы жағдай жасалмады.
Астана халықаралық қаржы орталығының Tech Hub төрағасы Бекжан Мұтановтың айтуынша, елордада Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесі ойдағыдай енгізілсе, халықтың өмірі жақсарып қана қоймай, қаланың тұрақты экономикалық дамуына жол ашады.
"Біріккен Араб Әмірліктерінің ақылды қалаларды құру саласындағы тәжірибесі жаңа технологиялардың тиімділігін нақты мысалмен көрсетіп отыр. Астанада ондай тәжірибенің басты артықшылығы жасанды интеллект болады. Соның арқасында қаланың тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инновациялық технологияларды кеңінен таратуға болады. Осының бәрі Астана тұрғындарының өмірін жақсарту үшін пайдалануға мүмкіндік бар. Сосын жасанды интеллекті қызмет көрсету және бизнестің сан алуан қызметтерін жақсарту үшін кеңінен қолданып жатады", - деді Мұтанов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай жер-жаһандағы адамдардың 75 проценті қалаға көшіп барады. Урбанизацияның қарқыны үдей түседі. Сондықтан әрбір елдің үкіметі қалаға көшіп келетін халықты орналастырып қана қоймай, ыңғайлы әрі сапалы жағдай жасауға тырысады. Цифрлық технологияларға басымдық беріледі. Себебі жаңа технологиялар экологиялық, қаржылық және әлеуметтік мәселелерді шешеді.
Жаңалықтар
0