Алматыда пансионатта оқыған жасөспірімдер заңсыз діни рәсімдер жасалғанын айтты

© Photo : Скриншот видеоАлматыдағы пансионат
Алматыдағы пансионат - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Алматыдағы пансионатта тұрған жасөспірім заңсыз діни рәсімдерге қатысқанын ашық айтты. Жақында осы мекемеде экстремистік кітаптар табылды.
Өткен айда пансионатта тінту жүрігізілген болатын. Соның нәтижесінде шетелдік діни әдебиеттер анықталды. Соның барлығы – экстремистік кітаптар. Қазақстанда таратуға тыйым салынған. Ал пансионатта тұрған жасөспірімнің айтуынша, қайырымдылық қорына қарайтын жатақханада шетел азаматтары діни тақырыпта емтихан ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
Бұдан бөлек, пансионат ұстаздары жабық әрі жүйелі түрде діни жоралғылар өткізген. Тіпті, өзге тілде дәріс берген кездері де болған.
"Ол жаққа барғалы имамдарды көрген жоқпын. Жұма күні тексеріс келді. Ол күні жұма намазы оқылмады. Бізге тексеріс жайлы алдын ала ескертті. Кітаптарымызды сөреге салып, тығып қойдық", - дейді жасөспірім.
Бәрін бірден ата-анасына айтуға батылы бармады. Алайда кейін шындықты жасырмай, іс насырға шаппай тұрғанда мекемеден біржола кетуді жөн санады.
Ата-аналар болса, "пансионаттың балаларды шетелге оқуға жіберіледі" деген сөзге сеніп қалды.
"Басында баламды "ең мықты университетке оқуға түсіреміз" деп сендірген. Оған еш арам ойымсыз, қуандық. Кейін ұлым да, бірге кеткен 70 бала да университетте емес, медресе атын жамылған мекемеде тұратыны белгілі болды. Онда баскөз болған "ұстазсымақтар" оларға күш қолданған", - дейді ата-ана.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы заңсыздықтар анықталғаннан кейін "Жібек жолы" қайырымдылық мекемесімен рәсімделген меморандумның күшін жойды. Дінтанушы Руслан Қайыргелдіні айтуынша, медресе атын жамылғандар имамды жолатпай, "үй ішінен үй тігіп" отыр.
"Дер кезінде мына дертті емдемесе, "сүлейменшілерді" қолға алмаған жағдайда олар да күш жинаған кезде шынайы бетпердесін көрсетеді. Біріншіден, діни басқармаға бағынбағаны үлкен қауіп төндіреді. Екіншіден, өздерінің жасырын құлшылығы шариғатқа қайшы болғандықтан ол да бір қауіп", - деді Қайыргелді.
Полиция болса, пансионатта біраз заңсыздықтарды анықтады.
"Пансионаттың ішінде жасөспірімдер заңсыз діни жоралғылар және ұжымдық дұғаларға қатысқан. Ал келіспеген кішкентай балаларға қысым көрсеткен. Тамақ, су бермей, кей кезде қол көтерген. Осы деректер белгілі болғаннан кейін полиция тарапынан іс-әрекет жасалды. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергеу басқармасында", - деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Құзырлы органдар дерегінше, мұндай пансионаттар Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірінде де бар. Жалпы саны 90-нан асады. Барлығы бір қайырымдылық қорына қарайды. Бұған дейін олар мүфтиятпен меморандум жасасу арқылы жұмыс істеген.
Жаңалықтар
0