Солтүстік Қазақстандағы барлық мектепке бірдей мамандандырылған күзет қойылмайды

© SputnikПетропавлдағы №4 мектеп
Петропавлдағы №4 мектеп - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2023
Жазылу
Sputnik хабарлағандай, мемлекеттік сатып алу конкурстарынан кейін мамандандырылған күзет агенттіктерімен келісімшарт жасалады
ПЕТРОПАВЛ, 16 ақпан – Sputnik. Мамандандырылған күзет Солтүстік Қазақстан облысының барлық мектебіне бірдей қойылмайды, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
"Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы бұйрығына сәйкес білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді инженерлік-техникалық жабдықтармен жарақтандыруға қойылатын талаптар көзделген. Мамандандырылған күзет тек үшінші топтағы объектілер үшін қажет. Солтүстік Қазақстан облысында террористік тұрғыдан осал объектілердің үшінші тобына 50 мектеп, оның ішінде 48 мемлекеттік мектеп кіреді. Өңірдегі барлық 48 мемлекеттік мектепті мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаражат қарастырылған", - деп түсіндірді Sputnik-ке ведомствоның баспасөз қызметі.
Мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысына сәйкес білім басқармасы мамандандырылған күзет агенттіктерімен жақын арада келісімшарт жасалатынын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Назир Жәшібеков сейсенбіде журналистерге биыл Петропавл қаласының барлық 36 мектебі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілетінін, осы мақсатқа 100 млн теңге бөлінетінін айтты.
Оның айтуынша, облыста барлығы 465 мектеп бар (бірінші санат – 300-ге дейін, екінші санат – 300-ден 700-ге дейін оқушылар мен қызметкерлер, яғни бұл ауылдық және шағын жинақталған мектептер және т.б.).
Олардың барлығы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген, 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектептер оқушылар санына байланысты үш санатқа бөлінеді. Олардың әрқайсысының өз талабы бар. Мысалы, бақылау жүйесін 50 мектепте орнату керек, 25 мектепте ол бар.
23 мектепте мамандандырылған күзет бар, тағы 27-сінде биыл ұйымдастырылады, сондай-ақ 25 мектепте турникет орнатылған.
Естеріңізге сала кетейік, дүйсенбі күні таңертең Петропавлдағы №4 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы балтамен сабаққа келіп, үш баланы жарақаттады.
10-сынып оқушысының басына балтамен екі рет ұрған. Тағы бір 10-сынып оқушысының білегіне бір рет, басына екі соққы жасаған.
Сәрсенбіде олар жан сақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылды, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Зардап шеккен үшінші оқушы 9-сыныпта оқиды. Оған аурухананың қабылдау бөлмесінде көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалды.
Балта ұстаған жасөспірімді мектеп оқушылары мен мұғалімдер ұстап алып, полицияға тапсырған.
Күдікті екі айға қамауға алынды. Анасы заңды өкілі деп танылды.
Жасөспірімнің психикалық денсаулығында проблема бар екені белгілі болды: өткен жылдың 22 қазанынан бастап ол Алматыдағы республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында стационарлық ем алған. Бұл орталықтан ол 23 қарашада "жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуды жалғастыруға болады" деген ұсыныспен шығарылған.
15 ақпаннан бастап Петропавл мектебі штаттық режимде жұмысқа қайта оралды. Білім мекемесінің балаларымен бір апта бойы психологтар жұмыс істейді.
Жаңалықтар
0