Петропавл су құбырларында 4 айда бес рет ірі апат болды

© Photo : Пресс=служба акима Петропавловска Су құбырындағы апат, архивтегі фото
Су құбырындағы апат, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.02.2023
Жазылу
ПЕТРОПАВЛ, 16 ақпан – Sputnik. Петропавлда су құбырындағы апат салдарынан бірнеше шағын аудан тағы сусыз қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"16 ақпанда сағат 14-те Универсальная көшесі ауданында диаметрі 800 мм оңтүстік-шығыс су құбырында апат болды. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Апатты жою үшін "Қызылжар су" ЖШС-нің қажетті күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 15 бірлік техника мен 35 адам жұмыс істеп жатыр", - деп түсіндірді Петропавл әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қаланың бірнеше ірі шағын ауданында: жұмыс кентінде, Береке кентінде (Бензострой) және вокзал маңы ауданында су қысымы төмендеп кетті. Ал тұрғындарға су тасымалы ұйымдастырылады, дейді әкімдік.
Бұл – қалалық су құбырындағы қатарынан бесінші ірі апат.
Диаметрі 800 миллиметр болатын су құбырындағы алғашқы ірі апат 6 қарашада болды. Салдарынан 14 көпқабатты үй, яғни 825 абонент, сондай-ақ бес әлеуметтік нысан бір тәулікке сусыз қалды.
1 желтоқсанда кешке Жұмабаев пен Сәбит Мұқанов көшелерінің қиылысында сол магистральдық су құбырында тағы апат болды. Құбырдың түйіскен жері жарылған. Қысымның төмендеуіне байланысты бүкіл қала сусыз қалды, бірнеше сағат ішінде сумен жабдықтау қалпына келтірілді, бірақ су көше ауданындағы 15 үйде, облыстық балалар ауруханасында, үйсіздерді бейімдеу орталығында, Петропавл нан комбинатында және "Севказэнерго"АҚ-да берілмеді. Ал тоғыз көпқабатты үй мен нан-тоқаш комбинатында бір тәуліктен артық су болған жоқ.
12 желтоқсанға қараған түні қалада су үшінші рет тоқтады. 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 мм құбыр зақымданған. Жұмабаев көшесі бойындағы су құбырындағы құбырдың бұрғы тұғырын жұлып алған. Апат салдарынан теміржолды, "Радуга" ЖШС аумағындағы қоймаларды және алты үйді су басты.
28 қаңтарда таңертең 314-ші атқыштар дивизиясы көшесінде диаметрі 800 мм болатын оңтүстік-шығыс су құбырына тағы да зақым келді. Зақымдану салдарынан қалалық желідегі қысым төмендеді. Жұмысшы кентінде, Береке шағын ауданында, вокзал маңында бір тәуліктен астам су болған жоқ.
Айта кетері, апаттар бірнеше жыл бұрын қайта жөндеуден өткен су құбырында болып жатыр. Сонымен қатар бірінші және үшінші апат сол мердігер жұмыс істеген жерлерде болды. Бірақ бұл жұмысты атқарған компания – "КЭК Рүстем" ЖШС қазіргі күні жоқ. Сондықтан шағымдарды ұсынатын ешкім жоқ. Қалпына келтіру бойынша барлық шығынды толығымен "Қызылжар су" өтейді.
Ал 1 желтоқсанда болған екінші апатты жою шығындарын мердігер өтеуі керек. 2019 жылы Жұмабаев көшесінде ұзындығы 300 метрлік су құбырын қайта жаңартуды астаналық "Ремстройсервисв" ЖШС компаниясы жүргізді. Нысан 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Кепілдік екі жылға берілді, бүгінгі күні ол әлі де жарамды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров сумен жабдықтаушы кәсіпорын коммуникацияларды қайта құруға жеткілікті қаражат бөлмейді деп есептейді. Бұл туралы ол "Қызылжар су" және "Есіл су" кәсіпорындарына жұмыс сапары кезінде айтты.
"Маңызды мәселе – сумен жабдықтау желілерінің жай-күйі. Қазір құбырлардың 58% ы тозған. Биыл "Қызылжар су" сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеуге 139 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Желілердегі апатты азайту үшін қаржыны көптеп бөлуді тапсырдым", - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жаңалықтар
0