СҚО-да газ құю станциясында баллон жарылды – ер адам қатты күйіп қалды

© PhotoАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында газ құю станциясының жұмыскері ауыр жарақат алды. Оның денесі 90 процентке күйіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жұлдыз Есенғазиннің айтуынша, бұл оқиға Явленка ауылында болған. Газ құю станциясында бес литрлік газ баллоны жарылды.
"Станцияның 42 жастағы жұмыскері газды өлшеуге арналған бес литрлік баллонды оператор отыратын бөлмеге кіргізген. Оны баттареяның жанына қойған. Содан баллон жарылып, артынан өрт басталған. Ер адамның денесі 90 процентке күйіп қалды", - дейді Есенғазин.
Қазіргі кезде зардап шеккен жұмысшы жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты ауыр. Осы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, өткен аптада Айыртау ауданындағы Карсаковка ауылында тағы бір төтенше жағдай болды. Ол жерде жеке меншік үй толығымен жанып кетті. Ауруханаға 65 жастағы үйдің иесі жеткізілді. Оның денесі 80-89 процентке күйіп қалды. Зейнеткер үш күннен кейін қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша өрт темекі тұқылынан тұтанған.
Айта кетері, жыл басынан бері облыста 62 өрт тіркелді. 8 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артық.
Жаңалықтар
0