"Шенеуніктің үйін жинатады": балабақша ұжымы меңгерушінің жұмыстан кетуін талап етті

© Photo : Esi GrünhagenРебенок играет
Ребенок играет - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Түркістан қаласындағы "Бөбек" балабақшасының қызметкерлері меңгеруші заңсыз ақша жинап, қызметке қатысы жоқ жұмыстарға жегеді деп шағымданады.
Айтуларынша ол тіпті балабақшаға тиесілі азық-түлікті үйіне тасытып, қызметкерлерді лауазымды тұлғалардың үйін жинауға мәжбүрлейтін көрінеді. Бұған дейін 2 рет қызметінен босаған меңгеруші сот шешімімен қайта өз орнына жайғасқан, деп хабарлады Otyrar.kz.
Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, олар мекемедегі безендіру құралдарын өз қаржысына сатып алады, жалақыдан рұқсатсыз тіпті ескертусіз ақша ұстайды. Тіпті, мемлекеттік балабақшаға тиесілі еттің біраз бөлігін үйіне жөнелтетін көрінеді. Салдарынан балаларға берілетін азық көлемі азаяды.
"Төмендегі 180 мың теңге тұратын панноларды өз айлығымыздан Қызылордадан алдырдық. Бұл кісі 2022 жылы 10 қаңтар күні 9 қызметкерге 150 мың теңгеден ақша түсірді. Аванс деп жаздырып алды. Кейін түгелдей ақшаның бәрін жинап алды", - дейді Түркістан қаласы "Бөбек" балабақшасының әдіскері Ләззат Ералиева.
"116 келі ет келді, оның 3 келісі меңгерушінің үйіне жеткізілді. Оны жеткізіп берушінің өзі апарып берді. Норматив бойынша әр балаға 100 г еттен беру қажет. Ал бізде 30 грамын қысқарту керек. Балаларға 100 граммнан емес, 60-50 граммнан тиеді", - дейді "Бөбек" балабақшасының дәмбикесі Ардақ Жұмашева.
Ол аздай бақша меңгерушісі қызметкерлерді лауазымды тұлғалардың үйін жинауға жіберетін көрінеді. Жұмыстан айырылып қалмас үшін істеуге мәжбүрміз деген қызметкерлер тіпті ол үйлердің әжетханкасын да жуатынын айтады. Ал тазалау жұмыстарына қажетті заттарды өздері сатып алады екен.
"Бұл жерде бастықтардың үйін жинауға, біраз қызметкер барған. Үйін жинадық, бастық қалай тапсырма береді, солай жинадық. Салық, одан кейін еңбек инспекциясы бастығының кірін жу дейді, әжетханасын жу дейді, ас үйін сүртіңдер дейді. Видеозвонокпен хабарласып, бәрін көрсетеміз. Тазалайтын заттардың бәрін өзіміз аламыз", - дейді тәрбиеші Асылзат Таңатарова.
Мұндай жағдайлар 2021 жылдың желтоқсанында басталып, 2022 жылдың қаңтарына дейін созылған. Ал қызметкерлер қаңтар айынды бірінші рет ұжымдық арыз жазған. Алайда бәрі нәтижесіз дейді олар. Бұған дейін 2 рет қызметінен босаған меңгеруші сот шешімімен өз қызметіне оралып, бұрынғы әуеніне қайта басыпты. Қызметкерлер меңгерушінің үстінен тек қалалық адами әлеуетті дамыту бөліміне ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, еңбек инспекциясына, тіпті прокуратураға бірнеше рет арыз жазыпты.
"Ондай ешнәрсе болмаған, оның бәрі тексерілген. Ішкі аудит тексерген, бүкіл жер тексерген, бірақ ешқандай ақша салу-ақша беру деген нәрсе жоқ. Оның барлығы жала! Маған нақақтан жала жауып отыр. Мүмкін бұл кісілерге жоғары жақтан тапсырма беріліп жатқан шығар", - дейді "Бөбек" балабақшасының меңгерушісі Гүлбану Ұзақ.
Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары бұл оқиғаға қатысты зерделеу жұмысының жүргізілгенін айтады. Ал қызметкерлерді меңгерушіге қарсы қою қисынға келмейді дейді олар.
"2022 жылдан бастап арыздар келіп түскен. Бұл бойынша бөлім зерделеу жұмысын жүргізді. Ол кісінің жұмысқа келмеген күндеріне байланысты акт жасалынған, жұмыстан босатылған. Бірақ еңбек инспекциясының келіп тексеруі барысында, соның қорытындысына сәйкес Гүлбану Ұзақ қайта орнына келген. Қасқана ұйымдастыру деген ешқандай қисынға келмейді", - дейді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Гүлмира Құлбайымбетова.
Басшының қылығынан шаршаған бөбекжай қызметкерлері меңгерушінің қызметтен кетуін талап етіп отыр. Дегенмен қызметкерлердің уәжіне құлақ асып, бірнеше жылға созылған дауды кімнің, қалай шешетіні әзірге белгісіз.
Жаңалықтар
0