Дәулет Тұрлыханов бірнеше адамды соққыға жыққан ұлы үшін кешірім сұрады

© Photo : Страница Даулета ТурлыхановаДәулет Тұрлыханов
Дәулет Тұрлыханов - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 ақпан - Sputnik. Белгілі қазақстандық балуан, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Алматыда бірнеше адамды соққыға жыққан ұлы үшін кешірім сұрады.
Бұған дейін алматылық ерлі-зайыпты заңгер Анна Дмитриевич пен Олег Чернов оқиға туралы әлеуметтік желіде жазған болатын. Олар ер адам қызды ұрып жатқанын көріп, араша түскен. Ал ер адам бұларға жұдырық ала жүгірген.
Жәбірленушілердің айтуынша, төбелескен ер адам Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Тұрлыхановтың ұлы. Sputnik Қазақстан тілшісі түсініктеме алу үшін спортшыға хабарласты.

"Иә, бұл менің ұлым – Нұрасыл Тұрлыханов. Ол кәмелетке толған. Мен оның бұл әрекетін еш ақтамаймын. Ол барлық әрекетке өзі жауапты. Жағдай кеше түнде болды, ол қызымен ұрсысып қалды, салдарынан осындай келеңсіз жайт туындады. Кез-келген ата-ана сияқты, мұның бәрін есту маған да өте ауыр соқты. Үкімді құқыққорғау органдары шығарады", - деді Дәулет Тұрлыханов.

Кейінірек ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында шуға айналған жағдай туралы жазба жариялады.
"Ақпанның 11-не қараған түні Алматыда менің ұлым мен заңгерлердің арасында болған оқиғаға қатысты пікір білдіруді жөн деп таптым. Менің ұлым Нұрасыл кәмелет жасына толған азамат. Егер оның кінәсі дәлелденсе, оған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес тиісті шара қолданылады. Сонымен бірге мен ұлымның әрекеті үшін кешірім сұраймын", - деп жазды спортшы.
Алматы полиция департаментінде бұл факт қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелгенін растады.
"Қылмыстық іс бойынша алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілді. Сараптамалар жасалады. Қазіргі уақытта істің материалдары тергеуді анықтау үшін қала прокуратурасына берілді. Өйткені күдікті әскери қызметші", - деді Алматы ПД баспасөз қызметі.
Нұрасыл Тұрлыханов 2 мың АЕК-ке дейін (1 АЕК - 3 450 теңге) айыппұл төлеуі немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сондай-ақ екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Дәулет Тұрлыханов - грек-рим күресінің балуаны, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Олимпиада ойындарының күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері. Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясын басқарды.
Жаңалықтар
0