Жамбыл облысының тұрғындары боранда қалған 150-ге жуық адамды құтқарып қалды

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.02.2023
Жазылу
Ашық қораға қамалған кәсіпкердің 120 бас қойы күртік қардың астында қатып өлген
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Жамбыл облысында дүлей боранда жолда қалып қойған жолаушылардың өмірін жергілікті тұрғындар сақтап қалды. Көліктері үрінді қардың құрсауында қалғандарды ауыл азаматтары құтқарып, үйлеріне түнеткен, деп хабарлады КТК.

Майтөбе ауылы маңында 40-қа жуық машина омбы қарға батып қалған. Жолаушылар тіпті көлігінен түсе алмай үсіп қала жаздаған. Оларды құтқаруға ауыл тұрғындары атсалысыпты. Тіпті мешітке сыймай қалған 150-ге жуық адамның бір бөлігін тұрғындар үйіне қондырған.
Табиғаттың тосын мінезі осы елдімекенге көбірек зардабын тигізді. Ашық қораға қамалған кәсіпкердің 120 бас қойы күртік қардың астында қатып өлген. Жолда тұрып қалған техникалар да зақымдалды.
Аймақта ұйытқи соққан боран басылды. Бірақ елдімекен көшелерін сеңдей сірескен ақ ұлпадан аршу жұмысы әлі жалғасуда. Демалыс күндері төтеншеліктер мен полицейлер 200-ге жуық жолаушыны құтқарған.
"Құтқару жұмысы Жуалы, Сарысу, Талас ауданында жүргізілді. Жалпы 180 адам құтқарылды , оның 14-і бала. Қар құрсауынан 25 техника жол шетіне шығарылды. Айша-Бибіде қалып қалғандарға жергілікті атқарушы органдармен үш жылыту пункті жұмылдырылды. 500-ден астамына ыстық тамақ пен шай ұйымдастырылды", - дейді Жамбыл облысы ТЖД басқарма бастығы Руслан Шариев.
Жаңалықтар
0