Спорт

Жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына 12 медаль түсті

© Photo : Пресс-служба правительства КазахстанаАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Астанада жабық кешенде жеңіл атлетикадан X Азия чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 12 медаль жеңіп алды.
Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына 12 медаль – 6 алтын, 3 күміс және 3 қола түсті.
"Бұл турнир біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет өтті. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды, ал спортшылар лайықты өнер көрсетіп, ел үмітін ақтады", - деп жазды мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әйелдер құрамасы биіктікке секіру бойынша жеңіс тұғырынан көрінді. Желаяқтарымыз да жоғары нәтижеге қол жеткізді.
4 метрден 400 метрге дейінгі эстафетада Қазақстанның ерлер және әйелдер командалары жеңімпаз атанса, сол қашықтықтағы жалғыз әйелдер жарысында Элина Михина бірінші келді. Дэвид Ефремов болса кедергілермен 60 метрді, ал Каролин Кипкируи 3000 метрді бірінші еңсеріп Азия чемпионы атанды.
"Спортшыларымыздың бұл жетістіктері Қазақстанға медальдық есеп қорытындысы бойынша 2 орын биігінен көрінуге мүмкіндік берді. 1- орында Жапония құрамасы, ал Катар командасы үздік үштікті түйіндеді. Мен спортшыларымыз бен жанкүйерлерімізді лайықты нәтижемен құттықтаймын. Дәл осындай жарқын жеңіс жас спортшылар үшін керемет мотивация әрі елімізде жеңіл атлетиканың дұрыс бағытта келе жатқанының көрсеткіші деп білемін", - деді министр.
Ораловтың айтуынша, келесі Азия чемпионаты Тегеранда өтеді.
10 ақпан елордадағы "Qazaqstan" спорт кешенінде Х Азия чемпионаты салтанатты түрде ашылды. Жабық алаң ішіндегі жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты ТМД елдері аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Оған 31 елден 500-ден астам спортшы қатысты.
Спортшылар арасында жүгіру, эстафеталық жүгіру, ұзындыққа секіру, биікке секіру, үш рет секіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру және көпсайыс сияқты жарыс түрлері бойынша 26 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан ұлттық құрамасынан 69 спортшы бақ сынады.
Жаңалықтар
0