Өңірлер

Меккеге барғысы келген түркістандықтар 11 млн теңгесінен айырылып қалды

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Түркістан облысында Меккеге апарамын деп тұрғындарға 11 миллион теңге шығын келтірген алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданының полициясына қажылыққа барамын деп алаяққа алданған жергілікті тұрғын арызданды.
Ер адамның айтуынша, былтыр қазан айында белгісіз біреу оны Меккеге кіші қажылыққа 10 күнге апарып келемін деп уәде еткен. Жәбірленуші алаяқтың сөзіне сеніп, оған ұшу билеті, қонақ үй мен тамақтану үшін 423 мың теңгесін берген. Бірақ ол сол күйі уәдесін орындамаған, алданып қалғанын түсінген тұрғын полициядан көмек сұрады.
Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды. Осы аралықта полицияға тағы бірнеше тұрғын шағым түсірген.
Жәбірленушілердің ақша аударған шоттары тыңғылықты тексеріліп, куәгерлерден жауап алынды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің кім екені анықталды. Жедел уәкілдер оны Алматы қаласынан ұстап, полиция басқармасына жеткізді. Ол Жетісу облысының тұрғыны болып шықты.
"Белгілі болғандай, күдікті Сайрам ауданының Меккеге барғысы келген 30-дан астам тұрғынының ақшасын алып, жәбірленушілерге 11 млн теңгеге жуық шығын келтірген", - дейді полицейлер.
Полиция күдіктінің барлығы 14 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтады. Ол қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр.
Жаңалықтар
0