Көкшетауда түрмеден шыққан ер адам екі танысын пышақтап өлтірді

© Sputnik / Абзал КалиевИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Көкшетау қаласында екі адамды өлтірген ер адам полицияға өзі келді. Бұған дейін ол тура сондай қылмыс үшін түрмеде отырып шыққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
8 ақпанда күдікті жатақханада екі танысымен бірге ішімдік ішкен. Біреуі – 87 жастағы қария, ал екіншісі – 55 жастағы әйел. Кешкі сағат 18:00-дің кезінде ер адам мен қария сөзге келіп қалған. Сол кезде пышақ алып, алдымен зейнеткерді, одан кейін әйелді өлтірген. Күдікті "102" арнайы желісіне өзі қоңырау шалып, жақын маңдағы полиция бекетіне барған.
Тергеу кезінде күдіктінің бұған дейін осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны анықтады. 2008 жылы ол адам өлтіріп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Түрмеден шыққаннан кейін Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының аумағында тұрған.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы жолы он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Жаңалықтар
0