Бизнес ашу үшін берілетін гранттарға өтінім қабылдау 20 ақпанда басталады

© Sputnik / Владислав ВодневАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Бизнес-идеяларын жүзеге асырғысы келетін қазақстандықтар 20 ақпаннан бастап қайтарымсыз грант алуға өтінім бере алады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, биыл бизнес ашуға немесе кеңейтуге 9 мың грант беріледі. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін грант алуға өтінімдер "Business.enbek.kz" порталы арқылы қабылданады.

"20 ақпан - 3 наурыз аралығында гранттардың бірінші легі беріледі. Грант сомасы 400 АЕК немесе биыл 1 380 000 теңге", - деді Ордабаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде.

Республика бойынша бірінші лекте 2 577 адамға грант беру жоспарланып отыр. Әр қатысушы грантты тек бір рет қана ала алады.
"Грант ақшаны тегін тарату емес. Біз ол гранттың мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз, жобаның әлеуметтік пайдасын зерделейміз, жобаның өміршеңдегіне қараймыз. Грант берілген бизнес-идеялар одан әрі жұмыс істеуі керек. Сондықтан өте маңызды, қажет жобалар таңдалады", - деді вице-министр.
Ол грант қайтарымсыз екенін атап өтті.
"Мәселен, грант иеленген азамат шағын тігін цехын ашуды жоспарлап, тігін машинасын, маталарын сатып алды, бірақ кәсібі жүрмей қойды делік. Әрине, грантты ешкім қайтарып алмайды. Бірақ егер ол алғашында тігін цехын ашамын деп, кейін ол ақшаға көлік сатып алса, әрине, гранттың мақсатты жұмсалуы туралы мәселе туындайды. Бұл жерде жауапкершілік басқа", - деп түсіндірді Ордабаев.
Гранттарды кімге беру керек екенін өңірдегі комиссиялар шешеді. Комиссия жобаның дәл сол аймаққа қаншалықты қажет екеніне де қарайды.
"Комиссияның құрамында мемлекеттік органдардың өкілдері жоқ. Олардың құрамына көбіне журналистер, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері, жеке кәсіпкерлер кіреді. Комиссияның шешіміне мемлекеттік органдардың қызметкерлері әсер ете алмайды. Министрліктің комиссияның жұмысына араласуға құқығы жоқ. Егер грантқа ілікпеген азаматтар комиссияның жұмысымен келіспесе, онда олар оны сотқа беруі керек", - деп түсіндірді еңбек министрлігі және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға:
тіркелген жұмыссыздар;
жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.
Бұл ретте үміткер мына әлеуметтік санаттардың бірінен болуы керек:
мүгедектігі бар адамдар;
қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;
өңіраралық қоныс аударушылар тұрмысы төмен отбасы мүшелері;
көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сондай-ақ үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттерді өтеуге, үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.
Жаңалықтар
0