Пәтердің ішін өзгерткеннен кейін құжаттар қалай рәсімделеді

© Sputnik / Владислав ВодневПәтер
Пәтер - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.02.2023
Жазылу
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Қалада жөндеу жұмыстары кезінде пәтердің жоспарын жиі өзгертіп жатады. Әсіресе, ірі мегаполистерде шағын баспананың иелері ас үй мен залды қосып, студия жасайды. Ванна мен дәретхананы біріктіруге болады.
Ал жай тұрған бір қуыстан әп-әдемі гардероб шығады. Бірақ көбісі мұның бәрін заңдастыруға асықпайды. Артынан үйді сатқанда заң жағынан кедергіге тап болады, я болмаса, айыппұл төлеуге тура келеді.
Sputnik Қазақстан баспананың жоспарын заң бойынша өзгерту тәртібін ұсынады.

Қайта жоспарлау мен қайта жабдықтаудың айырмашылығы

Пәтердің ішін қайта жоспарлау және қайта жабдықтау екі бөлек нәрсе. Оған қатысты талаптар да әртүрлі. Мәселен, адам тұратын немесе тұрмайтын үй-жайдың негізгі мақсатын ауыстырмай, ішін ғана өзгертсе, баспананы қайта жоспарлау жұмыстары жасалды деген сөз. Олар:
төбені тіремейтін қабырғаны ойып, есік салу;
дәретхана мен ваннаны қосу немесе бөлу;
үйде қосымша бөлмеаралық қабырғалар тұрғызу.
Ал үй-жайдың мақсатын өзгертіп, инженерлік желілерге өзгеріс енгізілсе, баспана қайта жабдықталған болып саналады. Мәселен, кей кезде кең бөлмеден ас үй жасайды. Оған су құбырлары мен кәріз жүйесін шығарып қояды.
Заң бойынша баспананы қайта жоспарлау мен қайта жабдықтау жұмыстарын жасамас бұрын тиісті органдардың келісімін немесе рұқсатын алу қажет.

Келісімсіз жасалатын өзгерістер

Пәтерді жөндеу кезінде негізгі қабырғаларға зақым келмесе, сондай-ақ, ғимараттың сыртқы көрінісі бұзылмаған жағдайда келісім алудың қажеті жоқ. Оған ұсақ жұмыстар жатады. Олар:
зат қоятын бөлмені өзгерту, ішіне шкаф орнату немесе киім ілетін жерге айналдыру;
балконды шынымен қаптау;
терезелерді ауыстыру;
кондиционер мен жерсеріктік антенна орнату;
инженерлік желілерді жабатын қорап жасау;
жылжымалы есік орнату;
жеңіл материалдардан арақабырға жасау;
жылу радиаторын ауыстыру.

Тіркеуге жататын өзгерістер

Ережеге сәйкес, пәтерді қайта жоспарлау шаралары жалпы үйдің конструкциясына және қауіпсіздігіне әсер етпесе, әкімдіктегі қала құрылысы және сәулет басқармасынан рұқсат алмай-ақ, жұмыс істеуге болады. Бірақ кейбір өзгерістерді ресми түрде тіркеп, жаңа техникалық төлқұжатты алу керек.
Негізгі өзгерістер:
ванна мен дәретхананы бөлу немесе қосу;
бөлмені кеңейту;
ас үй мен бөлмені қосу;
төбені тіремейтін қабырғаларды ойып, есік орнату;
бөлмелерді дәлізбен қосу;
бір-біріне қосылған дәретхана мен ваннаға кіретін есікті басқа бөлмеден жасау;
арақабырғаны төбеге дейін көтеру;
төбені тіремейтін қабырғаларды басқа жерге ауыстыру.
Айта кетері, ас үйде газ болса, оны басқа бөлмемен қосқанда немесе қабырғада есік жасағанда тағы бір бөлмеге шығатын есік болуы шарт. Ал төбені тіремейтін қабырғаларды ауыстырғанда терезесіз және радиаторсыз бөлме қалдыруға болмайды.

Рұқсат қағазын алу қажет

Көпқабатты үйдің конструкциясына қатысты өзгерістерді рұқсатсыз жасауға тыйым салынған. Мәселен, бірінші қабатта жапсарлас үй-жай салынса, я болмаса, бөлек кіретін есік шығарылса, алдымен кешенді жобаға тапсырып беріледі. Оны кәсіби ұйымға немесе үйдің авторлары жасаған дұрыс. Сол сияқты балконның ауданын кеңейту, инженерлік желілерді ауыстыру, мансарда салу, екі бөлек қабатта орналасқан пәтерлерді біріктіру жұмыстарына рұқсат алу қажет.

Қандай өзгерістерге тыйым салынған

Пәтерді қайта жоспарлау және қайта жабдықтау бойынша кейбір өзгерістерді мүлдем жасауға болмайды. Оған ешқашан рұқсат берілмейді. Себебі үйдің қауіпсіздігі үшін маңызды. Олар:
іріпанелді үйлерде төбені тірейтін қабырғаларды ойып есік жасау;
бөлменің астында көршінің жатын бөлмесі болса, оған ас үйді ауыстыру;
балконды үйге қосып, орталық жылу жүйесін балконға шығару;
жертөле немесе шатырдың бір бөлігін пәтерге қосу;
панелді үйге жапсарлас үй-жай салу;
төбені тірейтін қабырғаларды бұзу;
желдету арнасын азайту немесе алып тастау;
еденді орталық жылу жүйесі есебінен жылыту;
негізгі инженерлік желілер мен есептеуіш құралдарын жабу;
пәтераралық қабырғаларды бұзу;
сумен қамтамасыз етуге арналған тікқұбырды басқа жерге ауыстыру.

Пәтерді қайта жоспарлауды қалай рәсімдейді

Үйге қайта жоспарлауды жасамас бұрын кез келген жобалық ұйымға барып, эскиздік жобаға тапсырыс беру керек. Қайта жоспарлау жұмыстары сол жоба бойынша жасалады. Одан кейін ұйым мамандарын шақырып, барлық жұмыстың эскизға сай орындалғанын көрсету керек. Соның негізінде жаңа техникалық төлқұжат рәсімделеді.
Тәртібі:
нысанды эксплуатацияға қабылдау туралы актіні толтыру (оған үйдің иесі мен жобалаушы қол қояды);
актіні ХҚКО-ға апару;
мемлекеттік баж салығын төлеу;
жаңа техникалық төлқұжатқа тапсырыс беру.
Пәтерді қайта жоспарлау жұмыстарынан кейін де эскиздік жобаға тапсырыс беруге болады. Бірақ жөндеу кезінде төбені тірейтін қабырғаларға немесе негізгі конструкцияларға зақым келсе, айыппұл төлеуге тура келеді. Оған қоса, бәрін орнына келтіру керек.

Үйді қайта жабдықтау шаралары қалай рәсімдейді

Оған да эксиздік жоба керек. Одан кейін қалалық сәулет бөлімінен пәтерді қайда жабдықтауға рұқсат алынады. Ол үшін Egov.kz порталы арқылы өтінім жіберіледі. Оған қоса, бірнеше құжат жіберу керек. Олар:
құқық белгілеуші құжат (сату-сатып алу, сыйға тарту, жекешелендіру және тағы басқа келісімшарттар);
техникалық төлқұжат;
эскиздік жоба;
15 күннің ішінде шешім шығарылады.
Осы орайда тағы бір маңызды мәселені ескерген жөн, үйді қайта жабдықтау кезінде көршілер қатысты мәселе болса, олардан жазбаша келісім алу керек, кей кезде барлық пәтер иесінің хаттамасын да рәсімдеуге тура келеді.
Бірақ ондай өзгерістер мүгедектігі бар адам үшін жасалса, көршілердің келісімі керек емес. Осыдан кейін авторлық және техникалық қадағалау, сондай-ақ, бас мердігерлік бойынша шарт жасалады. Барлық жұмысты лицензиясы бар фирмалар жасайды. Олар атқарған жұмыстарына жауапты болады.

Айыппұлдың көлемі қандай

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 322-бабында үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтағаны және қайта жоспарлағаны үшін айыппұл қарастырылған.
жеке тұлғалар үшін 30 АЕК (103 500 теңге);
лауазымды тұлғалар, коммерциялық емес ұйымдар мен шағын бизнес үшін 90 АЕК (310 500 теңге);
орта бизнес үшін 150 АЕК (517 500 теңге);
ірі бизнес үшін 300 АЕК (1 035 000 теңге).
Ал қайта жоспарлау немесе қайта жабдықтау кезінде нысанның тұрақтылығына зақым келсе, айыппұлдың көлемі үш есеге артық болады. Оған қоса, бұзылған конструкцияны қалпына келтіру керек.
Жаңалықтар
0