Ресейдің мұнай өнімдеріне шекті баға мен эмбарго күшіне енді – әсері қандай болады

© AP Photo / Tony GutierrezДобыча нефти
Добыча нефти  - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.02.2023
Жазылу
Ресей мұнайына эмбарго мен шекті баға енгізілгеннен кейін екі ай өткен соң Батыстың мұндай шектеулері Ресей Федерациясының мұнай өңдеу өнімдеріне де жетті
Sputnik, Вадим Павлов. 5 ақпанда Еуроодақ пен "үлкен жетілік" елдерінің (оған еуропалық блокқа қатысушы елдерден басқа АҚШ, Канада, Жапония және Ұлыбритания кіреді) Ресейден келетін мұнай өнімдеріне эмбарго енгізу туралы шешімі күшіне енді.
Онымен бірге жексенбіден бастап Еуроодақ, "үлкен жетілік" және Австралия бекіткен үшінші елдер үшін ресейлік мұнай өңдеу өнімдеріне арналған шекті баға да күшіне енеді.
Sputnik жаһандық жанармай нарығындағы жаңа жағдай туралы, сондай-ақ Батыс шектеулерінің Ресей үшін, Еуроодақ елдері үшін де ықтимал салдары туралы сарапшылардың пікірін білді.

Толық ойластырылмаған эмбарго

Ресейлік мұнай өнімдеріне арналған эмбарго екі ай бойы Ресейден мұнай жеткізуге қатысты енгізілген осындай механизм секілді жұмыс істейді, деді Ұлттық энергетика институты бас директорының орынбасары Александр Фролов.
Еуроодақ елдері Ресейден жеткізілген мұнай өңдеу өнімдерін сатып ала алмайды. Дегенмен мұнай эмбаргосындағы сияқты мұнда да айналып өтетін бірнеше әдіс бар.
Мысалы, Болгария 2024 жылдың соңына дейін Ресейден мұнай өнімдерін сатып ала алады, ал Хорватияға 2023 жылдың соңына дейін Ресей Федерациясынан мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына қажет вакуумды газойль сатып алуға рұқсат етілді.
"Мұнай өнімдері негізінен теңіз арқылы жеткізілетіндіктен, осы санкциялар қамтитын екінші мәселені де атап өткен жөн, - дейді Александр Фролов. Еуропалық компаниялардың ресейлік мұнай өнімдерін сатып алуына тыйым салумен қатар еуропалық компанияларға оларды теңіз арқылы тасымалдауға тыйым салу күшіне енеді. Сондай-ақ осы жұмыстарға қандай да бір қатысы бар еуропалық компанияларға теңіз тасымалымен қамтамасыз етуге қатысуға тыйым салынады, яғни, ресейлік мұнай өнімдерін тасымалдайтын кемелерді сақтандыру, қаржыландыру, қызмет көрсетге болмайды".
Сарапшының айтуынша, үшінші елдерге қатысты осы санкцияны қолдану бойынша белгілі бір ерекшеліктер бар.
"Егер ресейлік мұнай өнімдері үшінші елде қосымша өңдеуден өткен болса, олар ресейлік болып есептелмейді, - дейді Александр Фролов. - Әлі де өзгеруі мүмкін алдын ала регламентке сәйкес, кез келген мұнай өнімі үшін іс жүзінде кез келген мұнай өңдеу процесін қарастыруға болады. Содан кейін ол ресейлік өнім болып саналмайды".
Оның пікірінше, бұл мұнай өнімдеріне қатысты өте көп маневрге жол ашады.
"Мысалы, тауарлық дизельді вакуумдық немесе атмосфералық айыруға немесе дистилляция жасауға болады. Бірақ тауарлық мұнай өнімі осы процестерді жүргізгеннен кейін еш өзгеріссіз дәл сол қалпындағы мұнай өнімі болып шығады", - дейді сарапшы.
Ол алдын ала регламенттегі бұл олқылық жойылуы ықтимал деп санайды. Өйткені бұл тармақ мұнай өнімдері нарығындағы ауқымды маневр жасауға мүмкіндік болып отыр.
Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Жапония және Австралия Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдеріне шекті баға белгілеуге келісті.
Мұнайға сыйақы бағасымен сатылатын өнімдердің (мысалы, дизель және мазут) бағасы барреліне 100 доллар, ал жеңілдікпен сатылатын өнімдердің (мысалы, мазут) бағасы барреліне 45 доллар деңгейінде белгіленген.
Шын мәнінде Еуроодақ эмбарго арқылы өзіне ресейлік мұнай өнімдерін сатып алуға тыйым салды, ал ұжымдық Батыс Ресейдің үшінші елдерге экспорттан түсетін кірісін шекті баға арқылы тыюды көздеп отыр.
"Егер бұл өнімдердің бағасы Ресеймен тату емес елдер белгілеген шектен жоғары болса, онда батыстық тасымалдаушыларға ресейлік мұнай өнімдерін үшінші елдерге тасымалдауға және сақтандыруға болмайды, - дейді Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының (ҰЭҚҚ) жетекші сарапшысы Игорь Юшков. – Яғни Ресейдің мұнай өнімдерін танкерге тиеу кезінде бұл танкердің иесі осы мұнай өнімдерінің баға туралы қандай да бір анықтама алуы керек. Егер ол белгіленген шектен жоғары болса, онда ЕО және G7 елдері оны тасымалдауға тыйым салады. Шекті бағаны сақтамаған мұндай елдерге қатысты кез келген тараппен ынтымақтастық орнатуға екі айға тыйым салу түрінде санкция қолданылуы мүмкін".
Сарапшының айтуынша, анығында оның кемесі тоқтап тұрады. Сондықтан бұл санкция ресейлік мұнай өнімдерін тасымалдау кезеңінде әсер етеді.
Александр Фролов атап өткендей, ресейлік мұнай мен мұнай өнімдеріне шекті баға енгізу жүйесі шын мәнінде кеме тасымалының экожүйесіне заңды түрде қайта оралу болып табылады.

Жанармай тапшылығы, өндірістің қысқаруы және басқа да ықтимал салдары

Еуропа Ресей мұнай өнімдерінің маңызды нарығы болды, дейді Ұлттық энергетикалық қауіпсіздік қорының жетекші сарапшысы Станислав Митрахович. Құрлыққа кейде тәулігіне 0,8-1 миллион баррель түрлі мұнай өнімдері жеткізілсе, оның жартысынан көбі дизель отыны болды.
"Бір жағынан жеткізілімдерді қайта бағыттау қажет болады, ал екінші жағынан мұнай өндіруді ішінара қысқарту туындауы мүмкін. Өйткені бұрын сыртқы нарықтарда сатылған мұнай өнімдерінің мұндай көлемін сату енді қиынға соғады", - деп есептейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұнай өнімдерін нарыққа шығару шикі мұнайға қарағанда қиынырақ. Өйткені импорттаушы елдер әдетте өздерінің өңдеу зауыттарында әрі қарай өңдеу үшін шикі мұнайды сатып алуды жөн көреді.
"Осы тұрғыдан алғанда, Ресейге өз мұнай өнімдерін сату қиынырақ болады. Дегенмен мұндай мүмкіндіктер бар. Ресей мұнай өнімдерінің Түркия, Марокко және басқа елдерге экспорты өсетіні туралы ақпарат бар", - дейді сарапшы.
Александр Фроловтың пікірінше, өткен жылдары Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдерінің 65%-і Еуропаның үлесіне тиесілі. Сондықтан қазір бұл аймаққа жеткізілімдерге тыйым салу салдарынан Ресей Федерациясы өз мұнай өнімдерінің жартысынан көбін басқа нарыққа қайта бағыттауы керек.
"Эмбаргоның негізгі салдары Ресейдегі мұнай өнімдерінің өндірісінің қысқаруы және мұнай өндірудің азаюы түрінде болуы мүмкін, - дейді сарапшы. – Дегенмен қысқарту мәселесі жеткізу тізбегін қайта құруға байланысты болады. Егер логистика тиісті деңгейде қайта құрылса, Ресейде танкер жеткілікті болса, онда ешқандай ерекше өзгерістерді байқалмайды".
Ресейде мұнай өндіру төмендесе, ол 5-7% деңгейінде болады, деп есептейді Станислав Митрахович.
Ал Игорь Юшков Ресей үшін мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған танкерлер санының азаюын эмбарго мен шекті баға енгізудің негізгі салдарының бірі ретінде атады.
"Ресей мұнайына осы тектес шектеулер енгізілген 5 желтоқсаннан бері дәл оындай жағдай қалыптасты, - дейді ол. – Халықаралық компаниялар көбіне ресейлік ұнайды тасымалдаудан қорықты. Себебі құжатта кеме иесі мұнай иесінен оның бағасы көрсетілген анықтаманы талап етуі керек, егер баға белгіленген шектен аспаса, онда оны тасымалдауға рұқсат етіледі деген ереже жазылған. Ал ол қандай анықтама, оны одан әрі кімге, қандай санкциялық органға тапсыру керек, егер анықтама жалған болса, кім жауапты болатыны сынды мәселелердің жауабы қарастырылмаған. Осы белгісіздіктер кеме тасымалдаушы компанияларға Ресей мұнайына үрке қарауға себеп болды. Енді мұнай өнімдеріне де қатысты осындай жағдай қалыптасады. Бұл компаниялар бірнеше ай жағдайды тек бақылаумен өткізетін секілді".
Игорь Юшковтың айтуынша, әлемдік флотта мұнай тасымалдайтын танкерлерге қарағанда мұнай өнімдерін тасымалдайтын танкерлер әлдеқайда аз. Бұл Ресей үшін мұндай танкерлердің қолжетімді болмайтынын білдіреді. Сәйкесінше, Ресей Федерациясынан мұнай өнімдерін экспорттайтын флоттың қалыптасуы ұзаққа созылады.
"Сондықтан алдағы айларда Ресейден мұнай өнімдерінің экспорты азаюы мүмкін. Бірақ бұл ретте өңдеуді қысқартып, Ресей шикі мұнайды көбірек экспорттайды. Яғни, бұл өндірістің қысқаруы, қайта өңдеудің қысқаруын білдіреді", - дейді Игорь Юшков.
"Мұнай-газ секторының тәуелсіз талдау агенттігінің" бас директоры Тамара Сафонованың айтуынша, желтоқсан айының басында шекті баға енгізілгеннен кейін Еуроодақ елдерінен тату мемлекеттерге мұнай экспортын әртараптандыру сәтті орындалды.
"Ресейдің мұнай өнімдері әлемдік нарықта сұранысқа ие екенін және Еуропаға мұнай өнімдерін Үндістаннан, Қытайдан, Кувейттен сатып алудың трансформациясы экспорттаушы елдердің ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ресейлік мұнай өнімдерін сатып алу қажеттілігіне әкелетінін атап өткен жөн, - деп есептейді сарапшы. – Сонымен қатар, егер Ресей мұнайдың экспорттық жүк ағынын шектейтін болса, онда әлемде мұнай өнімдерінің өндірісі азайып, ірі мұнай импорттаушы елдер ресейлік мұнай өнімдерін сатып алуға мүдделі болады".
Игорь Юшковтың айтуынша, Батыс елдері үшін шектеулердің салдары жақсы болмайды. Өйткені Еуропада мұнай өнімдерінің тапшылығы және сәйкесінше олардың бағасының өсуі қалыптасуы мүмкін.
"Еуропалық мұнай өңдеу аутсорсингке қарай ығысуы әбден мүмкін, - деп атап өтті Игорь Юшков. – Яғни, мұнай өнімдері Азия елдерінде көбірек өндіріліп, дайын мұнай өнімдері Еуропа елдеріне жеткізіледі де, жергілікті мұнай өңдеу зауыттары жүктемесіз қалады. Сәйкесінше Еуропа үшін мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттайды".

Ресей шығынды қалай азайта алады?

Станислав Митрахович Еуропа мұнай өнімдеріне қатысты өз санкцияларының орындалуына үстірт қарайды деп болжайды. Себебі алдағы бірнеше айда өтпелі кезең болады, ал Еуроодақ үшін мұнай өнімдерін алмастыратын өнім табу өте қиынға соғады.
Ал Александр Фролов Ресей бұрын Еуроодаққа жөнелткен мұнай өнімдерін қайта бағыттай алатын нарықтар ретінде Азия-Тынық мұхиты аймағын, Таяу Шығыс және Африканы (әсіресе оның солтүстігі) қарастыруы мүмкін деп есептейді.
Сарапшының пікірінше, ресейлік мұнай өнімдерінің импортын ұлғайту әлеуетіне айырбас операцияларына қатыса алатын көрші елдер ие. Мысалы, Ресей дизельдік отынды Қазақстанға сатса, ол өз өнімінің бір бөлігін ішкі нарықтан алып, оны Еуроодаққа жөнелтеді.
Игорь Юшковтың айтуынша, сату нарығын қайта құрылымдау арқылы Ресей өз мұнай өнімдерін ішкі нарыққа бағыттайтын Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріне жібере алады. Ал олар ресейлік мұнайдың өңделген өнімінің барлығын ішкі тұтынудың орнына сыртқы нарыққа бағыттай алады.
"Өйткені бұл елдер мұнай мен мұнай өнімдерін Ресейден арзандатылған бағамен сатып алып, өз мұнай өнімдерін әлемдік бағамен сата алады. Тиісінше, осылайша табыс табуға болады. Мұндай әрекетті де жоққа шығаруға болмайды", - деп қорытындылады сарапшы.
Жаңалықтар
0