Өңірлер

Шымкент полициясы қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды

© Photo : ҚР ІІМ баспасөз қызметіШымкентте ұсталған қылмыстық топ
Шымкентте ұсталған қылмыстық топ - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2023
Жазылу
Қаңтар айының басында бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, соққыға жығып, пневматикалық қарумен жаралаған. Жәбірленуші полицияға шағымданбай, қару-жарақ сатып алып, таныстарымен бірге кек алмақшы болған
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қылмыстық топтар арасындағы қарулы төбелестің алдын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қала аумағындағы бірнеше мекенжайда күдіктілерді ұстау операциясын жүргізді.
"Нәтижесінде полицияға 25-38 жас аралығындағы 10 адам жеткізілді. Олардың үшеуі сот шешімімен қамалды, екеуі үйқамаққа алынды. Қалғандарының рөлі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады", - деді полицейлер.
Күдіктілерден заттай айғақ ретінде Макаров және ТТ тапаншалары, 4 травматикалық тапанша, АК-103 автоматы, 12 калибрлі МЦ 21-12 өздігінен оқталатын мылтығы және 410 калибрлі өздігінен оқталатын Сайга-410 карабині, 16 калибрлі қос ауызды тегіс ұңғылы ТОЗ мылтығы, сондай-ақ әртүрлі калибрлі 93 оқ-дәрі тәркіленді.
Тергеушілер анықтағандай, биыл қаңтар айының басында бір топ адам жергілікті тұрғынды ұрлап, қала сыртына алып кеткен. Олар оны ұрып-соғып, пневматикалық қарумен жаралаған.
Жәбірленуші заңды түрде полицияға жүгінудің орнына, қылмыскерлерден кек алу үшін таныстарын қаруландырып, қару-жарақ сатып ала бастаған. Бірақ полицияның кәсіби және жедел әрекетінің арқасында адам шығынына әкеп соғуы мүмкін қарулы қақтығыс тоқтатылды, деп хабарлайды ІІМ.
Қазіргі таңда бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы 4-бөлігі (Адамдар тобының атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алуы, сақтауы, алып жүруі немесе тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтар
0