Қонаевта нашақордан зәбір көрген әйелдер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 2 ақпан – Sputnik. Қонаев қаласында үй тазалап, нәпақа табамын деп нашақордан зәбір көрген екі әйел оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Бұған дейін әділдік іздеген нәзік жандар жанайқайын "Немолчи" қоғамдық қорына айтқан.
Зәбір көргендердің бірі – Құндыз. Қаржы жағынан қысылған келіншектің "үй жинап болсын күнкөремін" деген мақсаты өміріне қауіп төндіреді деп ойламаған. Оқиға былтыр 21 тамызда болған.
"Үйге барғанда бір сұмдықтың боларын сезіп, құрбыма тез кел деп айттым. Еш нәрсені түсіндіруге мұршам болмады. Құрбым келген кезде агрессор оны үйге кіргізбей қойды. Балконнан секіріп кетейін деп едім, есігі ашылмады. Ол менің құрбыммен арпалыса бастады. Сасқанымнан дос қызыма "шыға бер, мен қазір артыңнан шығамын" деп айттым", - дейді Құндыз.
Есірткі қолданып алған агрессор Құндызды диванға итеріп құлатып, пышақтың артқы жағымен басынан ұрғылай бастайды.
"Менен ақша талап етті. Кімге жұмыс істейсің деп ұра берді. Ұялы телефонымды ақтарып, түгел қарай бастады. Ең соңында пышақпен қорқытып, зорлық көрсетті. Онымен қоймай, бірнеше рет видеоға түсірді. Егер полицияға барып арыз жазсаң, балаңды зорлаймын деп қорқытты. Ваннаға сүйрелеп барып, екі сағат ұстады", - дейді жәбірленуші.
Аман құтылудың жолын ойлаған Құндыз оны алдауға көшеді. Агрессордан құтылу үшін бар амалды істеп бағады. Бірнеше сағатқа созылған арпалыстан кейін келіншек әрең босап шығады.
Баласының амандығы үшін Құндыз полицияға барып арыз жазбаған.
Ал екінші жәбірленуші Елена (аты-жөні өзгертілген) қаскөйден 1 қыркүйекте зәбір көргенін айтады. Ол да үй жинап, ақша табуға барған.
"Бұл адамның үстінен арыз бергеніммен полиция менің сөзімді құлағына ілмейді деп ойладым. Өйткені бұрын сотталғанмын. Мені нашақор, жезөкше етіп көрсеткісі келеді. Қайта полиция көмектесті. Соның өзінде агрессор полициядан түк те қорқып тұрған жоқ. Полиция менен "мұнда не істеп жүрсің?" деп сұрады. Мен қаскөйден қорыққанымнан қонаққа келдім деп өтірік айттым. Полицияның арқасында аман қалдым", - дейді Елена.
Қаскөйдің қолына түскен Елена бес сағат бойы қорлық көріп, көк ала қойдай болып таяқ жеген.
"Ол үйден не мүгедек болып шығасың, не өлі шығасың деді. Аяусыз ұрып-соққаны соншалық, одан да өлтіре салшы деп жалындым. Басымнан орындықпен ұра берді", - дейді жәбірленуші.
Еленаның денсаулығына қатты нұқсан келген, қазір аяқтарын басып жүре алмай қалған. Ал қаскөй жасаған айуандығын бейнежазбаға түсіріп отырған.
Қаскөй 2022 жылдың 20 қыркүйегінде екі әйелді зорлауды деген күдікпен ұсталды.
"Бұл фактілер бойынша қылмыстық іс тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу бөлімінің тергеушілеріне тапсырылды. Күдікті ұсталды және тергеушінің санкциясымен қамауға алынды. Сараптамалық зерттеулер тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Іс прокуратураға жіберілді", - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Sputnik Қазақстан Алматы облыстық прокуратурасына қылмыстық іс туралы сауал жолдады.
"Бұл қылмыстық іс 31 қаңтарда сотқа жіберілді. Ал "прокуратура істі жаппақ болды" деген пікірдің бәрі жалған. Істі егжей-тегжейлі зерттеуге төрт ай уақыт кетті. Барлық әрекет зерттелген соң 31 қаңтарда қылмыстық іс сотқа жіберілді", - деді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Жаңалықтар
0