Оралда мектеп өртенді – күзетші жансақтау бөліміне түсті

© Photo : ДЧС Павлодарской областиАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Орал қаласында мектеп-лицейде болған өрттен кейін күзетші жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 30 қаңтарда түнгі сағат 23:59-да Қонаев шағын ауданында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барған құтқарушылар № 28 мектеп-лицейдің екінші қабатында кабинетте жиһаздың жанғанын анықтады. Тілсіз жау 15 шаршы метрге шарпыды.
66 жастағы мектептің күзетшісі құтқарушылар келгенше өртті сөндіруге тырысқан. Бірақ иіс тиіп уланып қалған. Оны дереу Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізді. Сол жерде "ауыр дәрежелі көміртегі тотығымен улану" диагнозы қойылды.
54 өрт сөндіруші тілсіз жауды 40 минуттың ішінде ауыздықтады. Қазіргі кезде өрттің себебі, материалдық шығын және кінәлі тұлғалар анықталып жатыр.
Жаңалықтар
0