Астана дәрігерлері жас жігіттің жұлынып кеткен қолын тігіп берді

© PhotoЕлордалық дәрігерлер жас жігіттің қолын аман алып қалды
Елордалық дәрігерлер жас жігіттің қолын аман алып қалды - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері өндірісте ауыр жарақат алған науқастың қолын аман алып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жас жігіт 7 қаңтарда ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Оң қолы иығының жоғары тұсынан бөлініп кеткен. Дәрігерлер бірден ота жасауға кірісті. Алдымен ангиохирургтар қан ағымын қалпына келтіру үшін тамырларды тікті. Одан кейін травматологтар бұлшықеттерді, нервтерді, сіңірлер мен сүйектерді бір-біріне жалғады.
"Ота шамамен бес сағатқа созылды. Біз әр отада барлық дене мүшесін мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысамыз. Бұл жолы тамыр-жүйке байламына толық ревизия жасау керек болды, тігіс барлық бұлшықетке қойылды, өйткені қол толықтай бөлініп кеткен. Бастапқыда қолды сақтап қалу және оның функциясын қалпына келтіру мүмкіндігі аз еді. Дегенмен ота сәтті аяқталды", - дейді ангиохирург Дастан Сабырұлы.
Қазір науқас оңалту курсынан өтіп жатыр. Дәрігерлер оң қолдың жұмысын қалпына келтіруге атсалысып, әртүрлі әдістерді қолдануға кеңес беріп келеді.
"Біз отаны одан кейінгі оңалту әлдеқайда жылдам жүзеге асатындай жасап шықтық. Барлығы біріктірілді, қазіргі уақытта науқасты ешнәрсе мазаламайды", - деп атап өтті травматолог дәрігер Әлімжан Дүйсенбаев.
Жаңалықтар
0