"Жүйелі жұмыс жоқ": Смайылов әкімдерді сынға алды
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана Инвестициялық штабтың отырысы
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Жазылу
Үкіметте 2023 жылы шетелдік инвестицияларды тарту жоспарлары талқыланды
АСТАНА, 30 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысында инвестиция тарту бойынша жоспарды орындамаған өңір әкімдерін сынады.
Жиын барысында инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдері премьерден сөз естіді.
"Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді", — деді Смайылов.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.
Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.
"Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді", — деді Смайылов.
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана Инвестициялық штабтың отырысы
Инвестициялық штабтың отырысы
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті.
"Инвестициялардың 60%-дан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестиция көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын", — деді Смайылов.
Сонымен қатар премьер Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті.
"Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет", — деді ол.
Инвестор елдер
Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 22,1 млрд долларды құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық екенін баяндады.
Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т. б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана Инвестициялық штабтың отырысы
Инвестициялық штабтың отырысы
© Photo : Пресс-служба премьер-министра Казахстана
Үздік 10 инвестор елдің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді.
Смайылов 2023 жылы экономикаға кемінде 24,4 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.