Ақмола облысында елді мекендерді су басу қаупі 88%-ке төмендеді

© Photo : МЧС КазахстанаСу тасқынының алдын алу шарасы
Су тасқынының алдын алу шарасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 27 қаңтар – Sputnik. Ақмола облысында елді мекендерді су басу қаупі 88%-ке азайды.
"2022 жылдың жаз-күзгі кезеңінде 5 шақырымнан астам өзен арналарын тазарту, 24 шақырым бұру арналарын жабдықтау және тазалау, 6 шақырым үймелер мен бөгеттерді нығайту және салу, 34 дана су өткізгіш құбырды жабдықтау жұмыстары жүргізілді", - деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда 2023 жылы бұл бағыттағы жұмыстарға қарастырылған қаражат өсті:
облыстық бюджеттегі резерв 15,5%-ке;
қалалар мен аудандардың бюджеттерінде қар тазалауға арналған қаражат 28%-ке;
9 ауданда жарылыс жұмыстарын жүргізуге 20%-ке.
"Елді мекендерден 90,3 мың текше метр қар шығарылды. 154 тонна жанар-жағармай қоры, 15,6 мың тонна инертті материалдар, арнайы қоспа салынған 63,2 мың қап дайындалды", - деп атап өтті ТЖМ.
2021-2026 жылдар аралығында Көкшетаумен шекаралас Қылшақты өзенін кезең-кезеңімен салу, абаттандыру және тазарту жоспарланып отыр, деп түсіндірді министрліктегілер.
Жыл сайын көктемде Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ягодное ауылынан шыға берістегі жергілікті тасжолды су басып, бұл жағдай ауылды жол қатынасынан 2 аптаға дейін ажыратады.
"Су тасқыны басталғанға дейін Қалқұтан өзені арнасының екі учаскесінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіліп, ауыр науқастарды, жүкті әйелдерді ауылдан шығарып, бірінші кезектегі қажетті тауарлар, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр", - дейді мамандар.
Еске салсақ, 24 қаңтарда үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин елдің су тасқыны кезеңіне толық дайын емес екенін айтты.
Су тасқыны қаупі аймағында 255 елді мекен бар, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азаматты қамтиды.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, Қазақстанның кейбір өңірлерінде су тасқынының алдын алу жұмыстарына немқұрайлы қарап отыр.
Жаңалықтар
0