"Көлігімді алып кетті": криминалдық есепте тұрған шетелдік көліктер анықтала бастады

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуРесей нөмірі
Ресей нөмірі - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 26 қаңтар – Sputnik. Ақтөбе облысында криминалдық есепте тұрған шетелдік көлік анықталды. Оны айып тұрағына алып кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Қала тұрғыны Азат Нағымановты Қандыағашқа бара жатқан жолда тоқтатқан. Полицейлер оның көлігі Ресейде ұрланғанын айтқан.
"Кеше Қандыағашқа бара жатқанда полиция тоқтатып, көлігімді айып тұрағына алып кетті. Көлік ұрланған дейді. Мен өзім оны бір жылдай мініп жүрмін. 4 миллион теңгеге алғанмын. Барлық айыппұлын төледім. Бұрынғы иесі де алаңдамай жүрген. Астанаға да барды", - дейді Нағыманов.
Мамандар бұған дейін заңдастыру кезінде шетелдік көліктердің тарихы ашылатынын ескерткен. Сондықтан бұрын криминалдық есепте тұрған көліктер еш кедергісіз жүрсе, қазір ондай автомобильдерді жылдам анықтайды. Осы санаттағы шетелдік көліктердің мәселесі қалай шешілетіні әзірше белгісіз.
Ресми мәліметке сәйкес, заңдастыру басталғалы бері үш күннің ішінде 13 мың адамның өтініші мақұлданды. 900 адам мемлекеттік тіркеу нөмірін алды. Бірақ құжаты кері қайтарылатындар да бар.
Ақтөбе қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының міндетін атқарушы Самат Төлеуов көп адамның өтініші кері қайтарылатынын растап отыр.
"Көп адамдікі мақұлданбайды. Неге десеңіз, себебі әртүрлі. Кейбіреулер көлікті 1 қыркүйектен кейін әкелген. Енді біреулер кедендік тазартудан өтпеген. Сосын басқа елдерден сан алуан шектеулер шығып жатады", - деп атап өтті Төлеуов.
Жаңалықтар
0