Өңірлер

Көктемгі су тасқыны: 255 елді мекен қауіпті аймақта орналасқан

© ДЧС ВКОСу тасқыны
Су тасқыны - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда 127 мыңнан астам үй су басу қаупі аймағында орналасқан. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрлік қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдылығын, оның қату тереңдігін талдай отырып, сондай-ақ қар астында мұз қабығының болуын ескеріп, су тасқыны қаупі бар аймақтарды тәуекел дәрежесіне қарай бөлген.
"Бүгінгі таңда су басу қаупі аймағында 255 елді мекен бар, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат. Тәуекелі жоғары өңірлерге Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Абай, Жетісу облыстары жатады", - деді Ильин үкімет отырысында.
Ал Павлодар және Ұлытау облыстары тәуекелі орташа өңірлер қатарына кірген.
Министрдің айтуынша, көктемгі су тасқынының негізгі себептері – өзен арналарының толып кетуі мен балдырлануы, дренаждық-арық жүйелерінің болмауы, су қорғау белдеулерінде үйлер салу.
Мәселен, Көкшетау қаласында Қылшақты өзенінің арнасын тазалау және оның автомобиль көпірінің астындағы өткізу қабілетін ұлғайту толық көлемде жүргізілмеген. Батыс Қазақстан облысында былтыр су жағалаудан шыққан Шалғын ауылының шегінде Шиелі өзенінің арнасы тазаланбаған.
Ақмола облысы Р.Қошқарбаев ауылының ауданында Нұра өзенінің жағасын нығайтуды қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ. Су тасқыны болғанда жыл сайын жағалау бұзылады, су үйлерге жақындайды. Биыл ЖСҚ қолданылу мерзімі аяқталады.
Өткен көктемде Түркістан және Маңғыстау облыстарында елді мекендердің су басуына арық-нөсер жүйелерінің болмауы не өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі ықпал етті.
"Алайда Маңғыстау облысының әкімдігі жағдайдың қайталануын болдырмау үшін әлі де пәрменді шаралар қабылдаған жоқ", - деді Ильин.
Астана және Алматы қалаларында, Алматы, Абай, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында арық-дренаж жүйелері де қатты жауын-шашынға шыдамайды.
"Су тасқыны кезеңіндегі тағы бір проблема – жолдардың бұзылуы. Бұл көлік қозғалысының тоқтауына және жекелеген елді мекендердің оқшаулануына әкеледі. Бүгінгі таңда республика бойынша су жайылуға бейім 482 автомобиль және алты жүзден астам теміржол учаскесі бар", - деді министр.
Айтуынша, жыл сайын жолды шайып кетуге байланысты Қарағанды облысындағы Нығман кентімен байланыс қиынға соғады. Алайда облыс әкімдігі бұл мәселені жыл сайын назардан тыс қалдырады. Бұл ретте тұрғындар бұл туралы біле отырып, өнімдер мен дәрілердің қорын дербес және алдын ала дайындайды. Осыған ұқсас жағдай Ақмола облысы Ягодное ауылының ауданында үнемі қалыптасып келеді.
"Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп автомобиль жолдарын жобалау және жөндеу кезінде жаңа құрылыстарды көздеуі немесе қолданыстағы су өткізгіш құрылыстарының өткізу қабілетін арттыруы қажет", - деді Ильин.
Жаңалықтар
0