Кентауда көлік жөндейтін жерде қару-жарақ пен жарылғыш заттар табылды
10:00 19.01.2023 (жаңартылды: 10:02 19.01.2023)
© Photo : Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты Қару-жарақ, архивтегі сурет
Жазылу
АЛМАТЫ, 19 қаңтар – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері көлік жөндеу орталығының жұмысшысынан қару-жарақ пен жарылғыш заттар тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктінің жұмыс орнында тінту жүргізілді.Ер адамнан Лидер ТТ травматикалық тапаншасы мен бес патрон табылды.
"Жедел уәкілдер 12 калибрлі тегіс ұңғылы екі аңшы мылтығын, әрқайсысының салмағы 0,5 келі болатын 3 пакет ұнтақ алынды. Байкал-Күзетші травматикалық тапаншасы, бір граната, 35 оқ-дәрі мен бір жарылыс қорапша тәркіленді. Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп атап өтті Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Сот-криминалистикалық және баллистикалық сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды.
Тәртіп сақшылары кентаулық тұрғын қару-жарақты не мақсатпен сақтап жүргенін анықтап жатыр.