19 наурызда мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді

© Sputnik / Болат ШайхиновМәжіліс ғимараты
Мәжіліс ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.01.2023
Жазылу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады
АСТАНА, 19 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға сәйкес, парламент палаталарының төрағаларымен, премьер-министрмен кеңесіп, мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлықтарға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысқанын атап өтті.
"Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейді", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, енді мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады.
Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.
"Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады", - деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін атап өтті. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді.
"Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді", - деді мемлекет басшысы.
"Сонымен бірге сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам", - деп толықтырды Тоқаев.
Оның айтуынша, сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады.
Сайлау науқанын ұйымдастыру және оны өткізу ісінде аумақтық сайлау комиссиялары маңызды рөл атқарады. Енді облыстық сайлау комиссиялары кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейді. Бұл шешім сайлауға қатысты іс-шаралардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етеді.
Президент алдағы сайлаудың заңға сәйкес өтуіне, әділ әрі ашық болуына қатаң бақылау жасалатынын мәлімдеді. Бұған Орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратура жауапты. Сайлау науқанын отандық және халықаралық байқаушылар жіті қадағалайды. Осы тұста азаматтарымыздың байқаушы ретінде белсенділік танытуы маңызды.
"Заңға сай барлық кандидат пен партияның бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына бірдей мүмкіндік беріледі. Осы сайлау науқаны еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары екенін айқын көрсетіп, қоғамымызды ұйыстыра түседі деп сенемін", - деп түйіндеді Тоқаев.
Жаңалықтар
0