Министр McDonald's-тің кетуі жайлы: біздің еттің сапасын бүкіл әлем біледі

© Sputnik / Абзал КалиевMcDonald's мейрамханасы
McDonald's мейрамханасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. McDonald's компаниясының нарықтан кетуі қазақстандық еттің сапасы нашар дегенді білдірмейді. Үкімет кулуарында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, McDonald's сияқты халықаралық компаниялардың өз стандарты бар.
"Ертеректе қазақтар фастфуд жемеген, сондықтан қазір әлемде бар құрылымы, талшықтар, майлылығы бойынша стандарттар бізде болмаған шығар. Бұл жерде, менің ойымша, мәселе қазақстандық ет өңдеу компанияларында емес, олардың өндірісі нақты McDonald's-қа маманданбаған", - деді Қуантыров үкімет кулуарында.
Осы орайда ол қазақстандық еттің сапасын бүкіл әлем білетінін айтты.
"Ал біздің еттің сапасына келсек, ол бүкіл әлемге белгілі. Тіпті жапондардың өзі Қазақстаннан жылқы етін импорттайды", - деді ұлттық экономика министрі.
Қуантыров қазақстандық ет өңдеу компанияларының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондықтан олар келісімшарт бекітіп, елге франшиза әкелсе, халықаралық компаниялардың деңгейіне дейін өсуі керек. Себебі әр компанияның, әсіресе халықаралық компаниялардың өз стандарты бар.
"Менің ойымша, егер біздің компаниялар осындай компаниялармен жұмыс істегісі келсе, олар еттің тиісті құрылымын қамтамасыз етуі керек", - деді ол.
5 қаңтарда McDonald's компаниясы Қазақстанда қызметін тоқтатқаны хабарланды. Енді McDonald’s брендімен жұмыс істеген "Food Solutions KZ" ЖШС жаңа атаумен ашылады.
Жаңалықтар
0