"Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында 143 млрд теңгенің жобалары іске асырылады

© Айгерім ТаубайТүркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданына қарайтын Абай ауылы
Түркістан облысында жаңадан құрылған Сауран ауданына қарайтын Абай ауылы - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Биыл 736 ауылда 143 млрд теңгенің 1,5 мың жобасы іске асырылады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн жуық адам тұрады. "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90% қамтылған 3,5 мың ауыл іріктелді. Елді мекендерді дамыту үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды.
"2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңге сомасына 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 102 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Айтуынша, бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауылішілік жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда сапалық көрсеткіштер енгізіліп, өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматы әзірленді.
Сонымен қатар президенттің жарлығына сәйкес қазіргі уақытта ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – институционалдық қамтамасыз етуді ілгерілету арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру.
Тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген.
"Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыру ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында, деді Қуантыров.
Жаңалықтар
0