Жолаушыны аш қалдырған әуе компаниясына 600 мың теңге айыппұл салынды

© Sputnik / Асем МиржекееваАқтөбе әуежайы, архивтегі фото
Ақтөбе әуежайы, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 16 қаңтар – Sputnik. Qazaq AIR әуе компаниясына жолаушыны аш қалдырғаны үшін 600 мың теңге айыппұл салынды.
Мұндай шешімді Ақтөбе әкімшілік соты жолаушының шағымынан кейін шығарды.
Әуежай қызметкерлері тамақ таба алмағандықтан, кешіктірілген рейстің жолаушысы түнде ас-сусыз қалған, деп хабарлады "Диапазон".
Басылымның жазуынша, оқиға былтыр болғанымен, сот оны жақында қараған.
Ақтөбе әуежайына ұшақ кешігіп келетін болғандықтан елордаға ұшатын рейс 4 сағат 40 минутқа кейінге қалдырылған. Рейс жолаушыларының бірі тасымалдаушы компаниядан тамақ пен сусын беруді сұраған, бірақ оның өтініші орындалмаған. Содан кейін жолаушы қадағалаушы мемлекеттік органға арызданған.
Нәтижесінде Qazaq Air әуе компаниясына қатысты "Тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген жағдайда тасымалдаушының жолаушыға қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерін орындамауы немесе тиісті деңгейде орындамауы" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Әуе компаниясының өкілі істі тоқтатуды сұрап, мынадай аргумент келтірді. Оның айтуынша, әуе тасымалдаушы күндізгі уақытта рейстің басқа уақытқа ауыстырылатыны туралы мәлімдеп, тамақ пен сусын берілетінін хабарлаған. Ал аталған жолаушы тамақты түн жарымынан кейін, әуежайдағы дәмхана жабылып қалған кезде сұраған. Осылайша, компанияның бұл уақытта тамақ алуға мүмкіндігі болмаған.
Сот бұл аргументті негізсіз деп тапты. Судья әуе компаниялары жолаушыларды тәулік бойы тасымалдайтынын, яғни олар рейс кешіккен жағдайда тәуліктің кез келген уақытында заңмен белгіленген қызметті көрсетуге міндетті екендігін атап өтті.
Нәтижесінде сот Qazaq AIR әуе компаниясына жолаушыға тамақ бермегені үшін 612 мың теңге айыппұл салды.
Жаңалықтар
0