Павлодарда баспана кезегін жылжытуға уәде берген алаяқ ұсталды

© SputnikАрхивтегі фото
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.01.2023
Жазылу
Ол "қызметі" үшін танысынан 1,5 миллион теңге алған
ПАВЛОДАР, 14 қаңтар – Sputnik. Павлодарда полицейлер пәтерді жеделдетіп алып беремін деп қала тұрғынын бір жарым миллион теңгеге алдап кеткен алаяқты ұстады, деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаңа жылдық мерекеден кейін Павлодар полициясына облыс орталығының тұрғыны арызданған, оны танысы тұрғын үй алу мәселесін тезірек шешіп беретінін айтып, алдап кеткені белгілі болды.
Жәбірленуші 2022 жылдың шілдесінде ер адаммен танысқан. Ал қыркүйекте ол әйелдің әкімдікте баспана кезегінде тұрғанын біліп, пәтер алуды тездетуге уәде беріпті.
Сендіру үшін өзінің жақсы танысына дауыстық хабарлама жібереді, ол қандай құжаттар қажет екендігі және жалпы ақпарат туралы нақты нұсқаулар берген.
Ер адам өзінің "қызметін" 1,5 миллион теңгеге бағалаған.
Баспананы тезірек алудан үміттенген әйел құрбысынан қомақты ақшаны қарызға алып, танысына берген. Ақшаны алғаннан кейін ер адам байланысқа шығуын тоқтатқан.
Сонда ғана қала тұрғыны алаяқтың құрбаны болғанын біліп, полицияға хабарласқан.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 34 жастағы Павлодар облысының тұрғынын ұстады. Қазіргі таңда Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Павлодар облысының полиция департаменті алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін азаматтарды қырағы болуға шақырды.
Жаңалықтар
0