Қандай жағдайда балағат сөз үшін айыппұл салынады?

© Sputnik / Абзал КалиевПолицей формасы
Полицей формасы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөз айтқандарға қолданылатын жаза түрлері жайында сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады Polisia.kz сайты.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде балағат сөз үшін жауапкершілік күшейді деген әңгіме көбейді.
Азамат Құрымбаевтың айтуынша, Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау –қылмыс.
"Ол үшін 100 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жауапкершілік көзделген. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін", - дейді ол.
Ал ұсақ бұзақылыққа қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер жатады.

Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді?

"Иә, осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтіледі. Бұл ең алдымен қоғамдық тәртіпті бұзуды болдырмау мақсатында жасалды. Қазір біреу қоғамдық орында балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше айналасындағыларды сыйламай, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөз айтқан жағдайда, бұл үшін 17 250 теңге көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады", - дейді басқарма басшысы.
Азамат Құрымбаев 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл салынатынын немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынатынын атап өтті.

Егер біреу жай ғана "мені балағаттады" деп айтса, айыппұл салына ма?

Құрымбаевтың айтуынша, әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдеме жинайды. Азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио-, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы ескеріледі. Құқықтық бағаны сот береді.

Жеке меншік үйінде, көлігінде балағаттағаны үшін жаза қарастырылған ба?

Бәрі мән-жайға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартуға қоғамдық орындарда балағат сөз айту, айналасындағыларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт болып саналады.

Әлеуметтік желіде балағат сөз айтқандарға қалай айыппұл салынады?

Азамат Құрымбаевтың мәліметінше, әлеуметтік желілерде айтылған балағат сөз қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, ол үшін жауапкершілік ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.

Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады?

Жоғарыда аталған жағдайлар болған кезде қай тілде болсын балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік туындайды.
Жаңалықтар
0