Есқараев Назарбаевқа қатысты заң күшін жойғаннан кейін не өзгеретінін айтты

© Sputnik / Владислав ВодневНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев   - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. Әділет министрі Азамат Есқараев Елбасы туралы Конституциялық заң күшін жойғаннан кейін Назарбаевтар отбасы үшін не өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің сөзінше, заң күшін жойғаннан кейіннен Назарбаевтың отбасы мүшелері барлық артықшылық пен кепілдіктен айырылады.
"Заңның күші жойылғаннан кейін тұңғыш президенттің отбасының шоттарына, мүлкіне деген кепілдіктер күшін жояды", -деді Есқараев парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.
Ал Нұрсұлтан Назарбаев үшін экс-президенттерге қатысты барлық кепілдік сақталады.
"Отбасы мүшелеріне мұның қатысы жоқ, тек өзіне ғана", - деді ол.
Сондай-ақ журналистер министрден "енді Назарбаевқа Елбасы деген сөз келмей ме?" деп сұрады. "Иә, келмейді. Мәртебесі енді экс-президент", - деп жауап берді Есқараев.
Айта кетері, экс-президенттерге қатысты норма "Қазақстан президентi туралы" Конституциялық заңда қарастырылған.
Оған сәйкес, Республиканың экс-президентiне, оның абырой мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Экс-президенттің абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғушылық заң бойынша қудаланады.
Сонымен қатар заңда экс-президенттер құқықтарының кепiлдiктерi туралы норма бар.
Оған сәйкес, республиканың экс-президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң республика президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi.
Сондай-ақ экс-президентті қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады. Қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттiк саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiлiп, ел iшiнде тегiн жүрiп-тұру, тегiн медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi көрсетiледi.
Яғни бүгін парламент қабылдаған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойғаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев экс-президент ретінде қорғалады.
Парламент ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2023
Назарбаевтар отбасын қорғайтын заңның күші жойылады – парламент заң қабылдады
Жаңалықтар
0