Алматыда туа біткен кемістігі бар балалар саны артып барады – фото
18:26 11.01.2023 (жаңартылды: 12:26 10.08.2023)
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері
© Sputnik / Айдана Дайырова
Жазылу
АЛМАТЫ, 11 қаңтар – Sputnik. Туа біткен кемістігі бар балалар саны артып барады. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының мамандары айтты.
Алматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов бұл мәселені ғаламтор заманында адамдардың күйзеліске жиі ұшырауымен байланыстырады. Карантин кезінде кемістігі бар балалар өте көп дүниеге келген.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов
Алматы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Ковид кезінде денсаулығында кемістігі бар балалар өте көп туды. Өйткені сол кезде адамдардың иммунитеті өте төмен болды. Туа біткен кемістігі бар балаларда асқазан, ішек жолдарының ақауы жиі кездеседі. Кейбір балаларда он екі елі ішекте, кейбір балаларда аш ішекте болады. Кемістік дегеніміз – сол мүшенің дұрыс қалыптаспауы. Іш құрылысы бітеу болып дамиды, ары қарай сөл жүрмейді. Ондай балаларға ота жасалады", - дейді Ұлықпан Әлсейітов.
Жылына ең аз дегенде денсаулығында кінәрат бар 70 бала орталықтан ем алып шығады. Бұл көрсеткіш көбеймесе, азаймай тұр. Кеңес үкіметі тұсында мұндай балаларға жасалған емнің 50 пайызы ғана нәтиже берген. Ал қалған 50 пайызында кемістігі бар нәрестені аман алып қалу мүмкін болмаған.
"Бұрын туа біткен кемістікпен түскен нәрестелерді емдеусапасы нашар болды. Әр хирург бір жасайтын. Жылына елу балаға ота жасалса, тең жартысы шетінеп кететін. Ал қазір өлім-жітім ары кетсе 3-4 пайыз ғана", - дейді жоғарғы санатты хирург Саматбек Мырзахмет.
© Sputnik / Айдана ДайыроваОрталықтың бірінші санатты хирургі Саматбек Мырзахмет
Орталықтың бірінші санатты хирургі Саматбек Мырзахмет
© Sputnik / Айдана Дайырова
Оның айтуынша, Қазақстанда жас нәрестелердің өлім-жітімі көбейіп кеткендіктен 2010 жылы отандық дәрігерлер арнайы орталық ашқан. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, технологияны дамытты. Мақсат – қазақстандық шала туған немесе ақаумен дүниеге есігін ашқан шақалаққа өмір сыйлау.
"Перзентханада ананың құрсағындағы сәбидің кемістігі туралы ақпарат болады. Қазіргі күні ультрадыбыстық зерттеу дамыған. Жүкті әйелдерге генетикалық және хромосомдық зерттеу жасалады. Егер кемістігі біреу ғана болса, хирургиялық ем жасай алатын болсақ, жүктілікті жалғастыруға рұқсат береміз. Жүктілікті үзу немесе жалғастыру қажеттігін арнайы комиссия шешеді", - дейді Саматбек Мырзахмет.
Өткен жылы бұл орталықтан 77 бала емделіп шықты. Екеуі шетінеген.
"Шетінеген екі баланың бірі – вакторлық синдром. Бала туғанда өңешінде ғана емес, басқа бірнеше органында: жүрегінде, омыртқасында кемістігі болды. Екі ота жасадық. Сонда да қиын жағдайда болды. Бала аман қалғанда кардиохирургияда екі ота жасалу керек болған. Өкінішке қарай ол мүмкін болмады", - дейді орталық меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері
Алматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері
© Sputnik / Айдана Дайырова
Шетінеген екінші баланың да патологиясы ауыр болған.
"Екінші бала гастрошизис патологиясымен келді. Бала анасының жатырында жатқанда баланың ішінен тесік пайда болып, ішектің бәрі сыртқа шығып кетеді. Құрсақ ішіндегі су бәрі әсер етіп, ішек өзгереді, дұрыс дамымайды. Балаға көп ота жасалды, бірақ ішек жұмыс істемеді", - дейді орталық меңгерушісі.
© Sputnik / Айдана ДайыроваАлматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері
Алматыдағы балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының дәрігерлері
© Sputnik / Айдана Дайырова
Дәрігерлердің айтуынша, кемістігі бар баласынан бас тартатын ата-аналар да бар. Алайда орталықтан ем алып, баланың денсаулығы жақсарғанда бас тартқан нәрестесін бауырына басатын көрінеді.
"Мынадай ата-анада денсаулығында кінәрат бар бала туады деп басып айтуға келмейді. Десе де, көп жағдайда біраз жыл бала көтере алмай, неше түрлі ем алған аналар кемістігі бар баланы дүниеге әкеледі", - дейді орталық мамандары.
Дәрігерлер баланы дүниеге әкелмес бұрын саналы түрде жоспарлап, сапалы өмір сүруге кеңес берді.