Алматы облысында қаңғыбас иттердің құлағына сырға тағылады

© Photo : pixabay/asommerhИллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.01.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 10 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында ауланған қаңғыбас жануарларды есепке алу үшін олардың құлағына чип-сырға тағылады, деп хабарлады облыстық ветеринария басқармасы.
Жыл басынан бері 4 адамды өздері баққан ит жаралаған. Ал өткен жылы ит пен мысықтан 3 542 адам зардап шеккен.
Облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша 2 381 жануардың иесі заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 14 миллион теңгеден аса айыппұл салынды.
Бұдан былай қабаған емес, 3-еуден көп топтаспаған және ауру емес қаңғыбас жануарлар есепке алынып, бұрынғы мекендеу орындарына жіберіледі. Ауланған жануарлардың деректерін еңгізу мақсатында "TANBA" ақпараттық дерекқоры қолданысқа енгізіліп, есепке алу үшін құлақтарына чип-сырға тағылады.
Қонаев қаласы мен 9 ауданда жыл басынан бері 152 ит пен 2 мысық ауланып, 5 ит иесіне қайтарылды. Өткен жылы 16 522 ит пен 117 мысық ауланды. Ауланған қаңғыбас жануарлар аудандық, қалалық Ветеринариялық станцияларының уақытша ұстауға арналған изоляторларында ұсталады.
"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға сәйкес, үй жануарларын есепке алу 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Деректер базасына қаңғыбас жануарлардың ауланған күні, ауланған мекен жайы, жынысы, түсі, шама жасы және уақытша ұстау орнында атқарылған ветеринариялық шаралар туралы ақпараттар енгізіледі.
Өткен жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау үшін облыстық бюджеттен 61 млн-нан астам қаражат бөлінсе, биыл 65 млн-ға жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ ит пен мысықты уақытша ұстау орындарындарының құрылысын жүргізуге Қонаев қаласы мен аудандарда 5,3 га жер телімдері бөлінді.
Жаңалықтар
0