Төребаев пен Шерниязовтың ісі: қаржы пирамидасы қалай құрылды

© Photo : Facebook (запрещено в РФ) / Мейржан Туребаев, Instagram (запрещено в РФ) /make_sakevichМейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов
Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.01.2023
Жазылу
Алматыда "ASTEX.KZ", "Mudarabah Capital" мен "ACD Technology" қаржы пирамидаларының ісі бойынша негізгі сот отырыстары басталды
АСТАНА, 9 қаңтар – Sputnik. Бүгінгі отырыста прокурор айыптау актісін оқыды. Ал танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев мен Мейірхан Шерниязов, сондай-ақ тағы он айыпталушы қаржы пирамидасын құрмағанын мәлімдеді. Барлығы өз кінәсін мойындаудан бас тартты.

Қаржы пирамидасын кім құрды?

Тергеу материалына сәйкес, қаржы пирамидасының басты ұйымдастырушысы – Алмас Құрманғалиев.
"Құрманғалиевтің кәсіпкерлік пен инвестициялау саласында тәжірибесі бар. Содан 2019 жылдың басында қаржы-инвестициялық пирамиданы құру арқылы жеке басын байытуға күш салды. Ол алдымен қылмыстық жоспарын жан-жақты ойластырып шыққан. Оған сәйкес, ұйымдасқан қылмыстық топ құруды көздеді, оған кірген адамдарды да өзі таңдады", - дейді прокурор Ерлан Құланбаев.
Қылмыстық топқа Құрманғалиевтың жақын туысы – Ержан Мансұров бірінші болып кірген. Ол өз атына "ACD Technology" ЖШС-ын тіркеген. Фирманың жалғыз директоры болды.
"Тіркеуде көрсетілген мәліметтерге сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің негізгі қызметі – компьютер өндірісі. Фирма ашылғаннан кейін Құрманғалиев өзінің қылмыстық жоспарын іске асыруға кіріскен. Жобаны инвестициялау бойынша ақшалай салымдар қабылдана бастады. Салынған ақшаға 32 күн сайын 20 проценттік дивидент төленеді деп сендірген. Осылайша ақша жылдам түсіп тұрады. Оның бір бөлігі бұған дейін ақша салғандардың қарызын өтеуге бағытталса, қалғанын жеке басын байытуға жұмсаған", - деп атап өтті прокурор.
Жәбірленушілерге шамамен 2 миллиард теңге шығын келген. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары салымшыларды көптеп тарту мақсатында кеңінен үгіт-насихат жүргізді. Тіпті, "бонустық бағдарлама" дейтін жарнама жариялады. Оған сәйкес, жаңа салымшыны алып келген адамға қосымша 10 проценттік сыйақы төленеді.

Тағы екі компания қалай ашылды

"ACD Technology" фирмасына қыруар қаржы түссе де, Құрманғалиев пен Мансұровқа аз болды. Содан 2019 жылы қараша айында Алмастың тағы бір туысы – Ерлан Мансұров "ASTEX.KZ" ЖШС-ын ашты.
Жаңа фирма бұрынғы схемамен жұмыс істеді. Сөйтіп, қысқа уақыттың ішінде халықтан 1 миллиард 200 миллион теңге жинап алды. Ал 2020 жылы тағы бір қаржы пирамидасы - "Mudarabah Capital" ЖШС ашылды. Оны да Алмас Құрманғалиев ұйымдастырды. Дәл осы фирмаға кеңінен жарнама жасауға және салымшыларды көптеп тартуға белгілі блогерлер, актерлер және тағы басқа халық арасында танымал адамдар тартылды.
Mudarabah Capital-дың құжаттарында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Төребаевтар құрылтайшы болып көрсетілген. Сондай-ақ компания алдындағы екі фирмамен келісімшарт жасаған. Оған сәйкес, Mudarabah Capital салымшы-клиенттерді тарту қызметін ұсынады.

Айыпталушылар өз кінәсін мойындамады

Прокурордың айыптау актісінен кейін барлық айыпталушыға "Өз кінәңізді мойындайсыз ба?" деген сұрақ қойылды. Олардың ішінде біреуі ғана – Ержан Жармұхамет кінәсін ішінара мойындады. Жас жігіт ұйымдасқан қаржы пирамидасының ұйымдастыру ісіне қатыспағанын, ол жерде тек жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істегенін мәлімдеді. Сол үшін ай сайын жалақы алып тұрған. Ал сотқа дейінгі тергеу кезінде өзіне тағылған шығынды толығымен өтеді. Ақшаны банктегі арнайы есепшотқа аударған.
Басқалары өз кінәсін мойындаған жоқ. Олардың адвокаттары тергеу кезінде көп нәрсенің ескерілмегенін айтты. Соны сот отырысы кезінде анықтауға мүдделі.
Айта кетері, осы іс бойынша 200-ге жуық адам жәбірленуші деп танылды. Олардың бәрі сот залына сыймайды. Сол себепті Алмалы аудандық сотындағы отырыстарды online режимде өткізуге шешім қабылданды.
Жаңалықтар
0