Қажылық бағасы төмендейді – мүфтият

© Sputnik / Михаил Воскресенский / Медиабанкке өтуМекке
Мекке - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.01.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 9 қаңтар – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жидда қаласында Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті, деп хабарлады muftyat.kz.
Кездесуде осы жылғы үлкен қажылық сапарын сапалы ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге өз ұсынысын жеткізді.
Бас мүфти Қазақстан қажыларын жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақүй бағасына барынша жеңілдік жасау, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру мәселелеріне баса назар аударды.
"Елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат – қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сіздер тараптан қызмет көрсету бағасына жеңілдіктер жасалса деген тілегіміз бар. Бұл қадам біздің қажыларға үлкен қолдау болар еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ал САК қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға келісті.
Айта кетері, өткен жылы 4 мың қазақстандық үлкен қажылығын өтеп келді. Отандастарымызға 14 туристік компания қызмет көрсетті. Қажыларға қызмет көрсетуге лайықты 14 турфирма конкурстық негізде анықталған болатын.
Жаңалықтар
0