Қаңтар оқиғасынан кейін үтікпен азапталған ер адам бостандыққа шықты

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 5 қаңтар — Sputnik. Қаңтар оқиғасынан кейін үтікпен азапталған ер адам рақымшылыққа ілінді. Бұл туралы адвокат Абзал Құспан мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасын тергеу шаралары талқыланды. Сол жерде заңгер Абзал Құспан қаңтар оқиғасынан кейінгі әділетсіздік туралы айтты. Мәселен, бұрынғы басшылар үтікпен азапталған ер адамды босатудан бас тартқан.
"Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін айыпталған азаматты азаптап, ұрып-соғып, арқасына үтік басып, тырнақ астына ине тығу фактілері туралы ақпаратты комиссия тексеріп, толығымен анықтады. Осыдан кейін біз облыстық құқық қорғау органдарының басшыларынан ол азаматты қамаудан босатуды, яғни, жазасын өзгертуді талап еттік. Алайда олар біздің ұсынысымызбен келіспей, азаптауға ұшыраған азамат ауыр қылмыс жасады деген желеумен оны босатуға қарсы болып, тиісті ем-дом алуына кедергі келтіріп бақты. Ал қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес адам қандай қылмыс жасады деп айыпталса да оған күш қолдануға қатаң тыйым салынған ", - деді Құспан.
Оның айтуынша, азаптау фактісі ұзаққа созылған. Ал басшылар оны білсе де, ешқандай шара қолданбаған. Комиссия президент әкімшілігіне де хат жазған.
"Соның нәтижесінде облыстық құқық қорғау органдарының басшылары қызметінен босатылып, бірнеше қызметкердің үстінен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде облыстық сотта қаралып жатыр. Ал азаптауға ұшыраған азаматқа рақымшылық жасалды. Ол бостандықта жүр, тиісті ем-домын алуда", - деп атап өтті Құспан.
Жаңалықтар
0